Сарман алты таңба кітабы бесплатное чтение

Скачать книгу

БІРІНШІ БӨЛІМ. ҚҰПИЯДАН ҚҰПИЯҒА

Айнала бұлыңғыр – барлығы құдды тұман арқылы көрініп тұрғандай, бір-біріне аласұра жүгірген сарбаздардың тек қара көлеңкелері ғана көрінеді. Ештеңе анық байқалмаса да, жерге төгілген қан айқын болды. Айқайлаған дауыстар мен шайқас үні шықты, қала ішін толықтай қарбалас басып, әскери қоңыраулар тоқтаусыз соғылуда. Ол жан-жағына қараған сәтте айналасынан көптеген сарбаздардың өлі денелерін көрді, ал оны көптеген қара көлеңкелер қоршады. Ол жерде тізерлей отырды, аяқ-қолын қозғалтып, орнынан тұруға тырысқанымен; аяқтары бағынар емес, шамасы тек көзін ашып-жұмуға ғана жетті – оны құдды көрінбейтін алып қолдар ұстап алғандай. Бірнеше рет гүрс еткен жарылыстың ауыр үні естілді, сол сәтте оны қоршаған көлеңкелердің біреуі оған қарай жақындап, кеудесіне пышақ сұққан кезде – Ерұлан ұйқысынан шошып оянды.

Осымен бұл қорқынышты түс оған бірнеше рет кірді – дәл осылай жарылыс болып, кеудесіне әлгі көлеңке пышақ сұққан кезде, ол шошып оянатын, міне, сол жағдай тағы да қайталанды. Әркез бұл қорқынышты түсті көрген сайын оның бойында үрей күшейе берді, құдды бір күні түсінде көргені өңінде келетіндей.

Ол көзін ашқан сәтте денесінен бөлінген суық терді сезді, кеудесінде үлкен тас тұрып, оны төмен тартқандай күй кешті. Жай ғана түсі екенін түсінген соң, ауырсынған басын көтеріп, қолдарымен көздерін уқалады. Орындығының арқасына шалқая сүйенді де, алдында үстелде жатқан қолжазбалар мен кітаптарға көз тастап, жұмысын ары қарай жалғастырды.

Оның үстелінің жартысын үлкен жолсызба жапты, ал жолсызбада жалғыз мемлекет бейнеленген – бұл Тұран хандығының жолсызбасы. Тұран хандығы орналасқан құрлық Үлкен құрлық деп аталды және ондағы алпауыт таулар, мұхиттар, шексіз жазық далалар, шөлдер мен ормандардың бәрі тек қана осы жалғыз хандықтың құрамына кірді, мемлекет құрлықты шығыстан батысқа дейін, толықтай үлкен жерді алып жатты. Дегенмен мемлекеттің оңтүстігінде жатқан Тұманды аймағы ғана оның бөлігіне жатпайды, себебі бұл аймақты «Өлімдер алқабы» деп атады. Бұлай аталуының себебі онда ешқандай тіршілік жоқ – ешқандай өсімдік, ешқандай жануар, тек қара топырақ қана. Адамдар арасында тараған аңыз бойынша, онда мыңдаған жылдар бұрын ібілістер мен құбыжықтар келген, содан бері бұл мекен тіршілікке жарамсыз күйге түскен. Ежелгі адамдар Тұран хандығы мен Тұмандының арасында үлкен қабырға тұрғызып, онда адам аяғын басуға тиым салған. Бірақ, шын мәнінде, ол жерде ешкім құбыжық көрген емес, керісінше Тұманды өзінде мүлде басқа құпияны жасырды.

Хандықты Тарын хан мен оның әулеті және ханның айналасындағы билеушілер басқарды. Оларды халық Үстемділер деп атады, себебі олар қарапайым адамға қарағанда өте ұзақ өмір сүрді. Барлығы Тарын ханнан басталды. Ең алғашқы Үстемді болып сол танылды, ол таққа мың жыл бұрын келіп, содан бері елді басқаруда, халық оны жақсы көретін, себебі ел тыныштық пен молшылықта өмір сүрді, оны әділ әрі дана басшы деп санады. Бірақ Ерұлан осының артында бір шикілік жатқаннын сезгендей, ол Үстемділердің ұзақ ғұмырының сырын білуге тырысты, алайда бұл ел ішінде өлімге тең қылмыс еді, себебі ешкім Үстемділердің ұзақ өмірінің сырын білуге құқылы емес, оны өмірдің берген сыйы деп қабылдады.

Ерұлан ұзын бойлы, қоңыр түсті шашы жаңа туылған қозының жүніндей бұйра, сырттан қарасаң басына қозының терісін киіп алғандай, екі иығына екі адам сыятындай ірі, қара торы жүзді, қыр мұрынды, жасы қырықта болғанына қарамастан, ол жиырма бестегі жігітке ұқсайтын. Ерұлан Хандықтың солтүстігінде орналасқан Бұлақты қаласында, жары Сұлумен бірге үлкен сарайда өмір сүрді. Ол қаладағы ең бай адамдардың бірі саналатын, оның әкесі Рыс үлкен байлықты мұраға тастап кеткен, сол себебті Ерұлан жұмыс істеудің орнына, зерттеулермен айналысатын: жануарлар мен өсімдіктерді зерттеп, әртүрлі заттарды ойлап тапқанды ұнататын және оның басты сұрағы –Үстемділердің ұзақ өмірінің құпиясы неде екеннін білгісі келді және сол үшін тынымсыз, бәрінен астыртын түрде зерттеулер жасады.

Ерұлан қағаздарды ақтарып отырып, шамның сөніп бара жатқанына мән де берген жоқ, тек бөлмені қараңғылық басқан кезде ғана ол қағаздан басын көтерді. Бөлмені толық түнектен тек терезеден түскен жартылай толған ай сәулесі сақтады. Ол шам алмақ болып үстелдің астындағы тартпалардың бірін тартып, оның ішіне қолын салды да, ары-бері шам іздеді, алайда ол ештеңе таппаған соң, орнынан тұрды, сол сәтте ол отырған кітапхананың есігі шиқылдай ашылып, ішке біреу кірді, ал оның қолына ұстаған шамы бөлмеге бұрыңғы бұлыңғыр жарықты қайта алып келді. Ерұлан орындықтан жартылай көтерілген күйі қайта жайғасып, есіктің аузына қарады, онда орта бойлы, сауыт киген, жатаған қара шашы өсіңкіреп, құлағын жартысына дейін көмкерген, бетінде сол жақ самайынан езуіне дейін созылған ерекше тыртығы бар адам тұрды.

– Бұл сен бе, Батыра? – деді ол көздерін сығырайта.

– Иә, – деген жылдам жауап естілді де, артынан есіктің «тырс» етіп жабылған дыбысы шықты. Батыраның басқан әрбір қадамы тарсылдай естіліп, ол үстелдің жанына жақындап, бетіндегі бірнеше кітапты кішкене ысырып, қолындағы шамын оның үстіне қойды.

– Неге қараңғы бөлмеде отырсың? – деді ол бос орындықтардың біріне жайғаса.

Бірақ Ерұлан оның қойған сұрағына мән берген жоқ, санасында тек көрген түсі «неліктен қайталана береді екен, бұл бір белгі ме? Әлде кездейсоқтық па?» деген сұрақ бір сәтке де маза берген жоқ. Батыра сұрағына жауап естімеген соң:

– Эй… Ерұлан, сен мені тыңдап тұрсың ба? Ойланып кетіпсің ғой, – деп оның жүзінің алдында қолын былғады.

– А, кешір, иә, – деп терең тыныс алып, – түнделетіп жайша жүрсің бе? – деді ол Батыраға қарап.

– Иә, досымның келгенін естіп, қал-жағдайын біліп кетуді ұйғардым, көріп тұрғанымдай, бәрі жақсы сияқты, – деді Батыра Ерұланға күлімсірей. – Денсаулығың қалай? Сұлу қалай? – деді ол.

– Бәрі жақсы, өзіңнің жұмыстарың қалай? – деді.

– Қалай болушы еді… – деді Батыра терең тыныс тартып, – бәрі сол күйі, ешқандай жаңалық жоқ, – деді ол. – Мені қоя берші, сен өзің әлі қағаздарыңды ақтарып отырсың ғой деймін, қызықты бірдеңе таптың ба? – деді Батыра үстелде жатқан кітаптардың бірін қолына ала. Ерұлан «жоқ» дегендей басын шайқады.

– Сұрақтарыңа жауап тапты деп үмітенемін, – деді ол кітаптың үстінен Ерұланға көз тастай.

– Жоқ, мына кітаптардың басым көпшілігінде олар туралы жазылмаған, ал жазылғандарының өзінде, олардың ұзақ өмірінің сыры – Құдайдың берген сыйы деген сөздермен ғана шектелген, бірақ неге? Құдды баланы алдап отырғандай, – деді ол ойлана.

– Досым… Сен жауабы бар сұраққа, жауап іздеп отырсың, неліктен олардың ұзақ өмір сүретініне, сен соншалықты килігіп қалдың? – деді Батыра қолындағы кітапты қайта орнына қоя.

«Бәрі белгілі» деп ойлайсың, алайда менің білетінім – біз ештеңені білмейміз. Сонда саған қызық емес пе? Хан мен оның әулетінің және олардың айналасындағы билеушілердің ұзақ өмірінің құпиясы неде екені? Олар да біз сияқты қарапайым адамдар, бірақ олардың ұзақ өмірі қарапайым адамға тән қасиет емес, мен осы уақытқа дейін көптеген қолжазбалар мен кітаптарды қарап шықтым, ең ежелгі дегендерін де көрдім, бірақ, бір қызығы, Тарын ханға дейін ешкім олай ұзақ өмір сүрмеген, олар бір құпияны жасырып отырғандай… – деп ол ойлана Батыраға қарады, – ешқандай жазба жоқ… – деп тағы бірдеңе айтпақ болды да, кішкене кідіріп, – Оның үстіне мына аяқасты пайда болған сәбилердің ауруы күдікті, жаңа туылған балалар дұрыс тыныс ала алмайды, ал ең қызығы хан артынша аурудың алдын алу үшін дәрігерлер мен сарбаздарды жіберді, құдды аурудың пайда болатынын білгендей, бірақ бұл ауру бұрын-соңды біздің хандықта болмаған, ол қайдан пайда болды және неге тек жаңадан туылған сәбилер ауырады? – деді Ерұлан. – Мұнда бір шикіліктің бары анық, – деді ол бір нүктеден көз алмай.

– Ерұлан, олар – Үстемділер, олар – ұзақ өмір сүрушілер, олардың қаны бөлек; шыққан тектері бөлек, сондықтан олар ұзақ өмір сүреді, ал біз… ал біз ондай емеспіз, оның үстіне таққа Тарын келісімен адамдардың өмірі түбегейлі өзгерді және жақсы жағына қарай, Тұран хандығы бұрын-соңды болмаған гүлдену шағында; ешқандай соғыс жоқ, қылмыс аз, олар әділ және дана, сондықтан олардың ұзақ ғұмырын қазбалаудың да керегі жоқ, өзің де білесің бұл әрекетің өлімге тең екенін.

Ал ауруға келер болсақ, қазір одан қандай да бір қауіп төніп тұрғаны шамалы. Тарын хан оның да алдын алуда, ол дер кезінде дәрігерлер мен сарбаздарды жіберіп, барлық сәбилерді аман алып қалып жатыр, барлығы қалыпты өтуде… – деп Батыра Ерұланға көңілі толмаған адам сияқты сөйлеп отыр еді, аяқасты оны Ерұлан бөліп жіберді:

– Барлығы қалыпты өтуде дейсің бе? Жоқ барлығы қалыпты емес, сен тек көз алдыңда болып жатқан дүниелерді көріп тұрсың, менің ойымша ханның адамдардың арасына дәрігерлерді жіберіп, елде туылып жатқан балаларды бақылауда ұстап отыр және мұның себебі ол ерекше бір сәбиді іздеп отырғандай көрінеді.

– Не… Не сандырақтап кеттің? Сенің ойыңша ол ауруды өзі таратты деп ойласың ба?

– Иә!

– Мұның енді шектен шығушылық! – деп ол үрейлене сөйледі. – Бұл сөзіңді менен басқа ешкім естімей-ақ қойсын, сен жақында әке атанасың одан да уақытыңды Сұлуға арна… – деп ол тоқтап қалды да, Ерұланға мұқият көз тастады. – Досым, сен осы ойыңды тастасаң қайтеді, ә? Бұл қауіпті, қазбалап қайтесің, мен саған қаншама уақыттан бері айтып келе жатырмын, бізге мұны білуге тиым салынған, – деп Батыра орнынан тұрды.

– Неліктен мені тоқтатқың келеді? Мен жай ғана олардың ұзақ өмірінің сырын білгім келеді, – деді оған Ерұлан.

Батыра ақырын жүріп, ашық тұрған терезелердің біріне барды, ол сыртқа көз тастап, таза ауамен терең тыныс алды. Аспан ашық, жұлдыздар аспанға шашылған алмастай жарық. Сарайдың жанында өскен алып теректер ақырын соққан желден жайқалып, баяу ғана ары-бері теңселіп тұр.

– …Жаңа ғана айтқанымдай, бұл өліммен тең қылмыс, сен менің бауырымдай болып кеткенсің, сондықтан сені барынша ақымақтықтан сақтағым келеді, қала Сұлтаны сен жайлы оң көзқараста, ал оның бірінші қолбасшысы Дат… – деп ол кішкене кідірді, – өзің де білесің, Дат саған тісін қайрап жүр, қит етсе болды, ол саған қолындағы бар билігін салып, заң рұқсат еткен ең қатаң жазаны қолдануға дайын. Сенің билеушілер туралы теріс ойда екеніңді білсе, ол мұны барынша пайдаланады, тіпті мен сені оның қолынан аман алып қала алмаймын, оның үстіне сарбаздардың жартысынан көбі оған бағынады, – деді ол.

– Бірақ сен одан кейінгі әскербасысың, сондықтан мен еш қорықпаймын, – деп ол күлімсіреді. – Білесің бе, досым? Біз бір үлкен әлемде өмір сүреміз, онда зерттелмеген көптеген дүниелер бар, сол әлемнің бір кішкентай түкпірінде тығылып, өмірімді той-думанмен; көңіл көтерумен өткізу мен үшін ақымақтық, маған нағыз ләззат сыйлайтын – ол осы әлемнің құпияларын ашу және менің айналамда болып жатқан дүниелер мені бейжай қалдырмайды, оның үстіне олардың ұзақ ғұмыры маған өте қызық, олардың не жасырып жүргендерін білгім келеді, – деді Ерұлан Батыраға қарап.

– Осы әлемнің құпиялары! Сен өзі не ойлайсың, таңым бар. – Иә, білемін саған зерттеген ұнайды, бірақ өтінемін, басқа дүниені зерттеші, оларды жайына қой! Ақыры жаман аяқталуы мүмкін.

– Жарайды оны қоя берші, мені бәрібір ешкім тыңдамайды, – деді де Ерұлан орындығына ыңғайлана отырып, – саған бір өтінішім болып тұр, – деді ол.

– Қандай өтініш? Егер ол Батыс орманға қатысты болса, онда маған ешқандай өтініш жасамай-ақ қой.

– Иә… Батыс орманға байланысты, бірақ… сен мені тыңдау керексің, – деді Ерұлан оған ақырын дауыспен.

– Тыңдауым керек пе? Сен мені тыңдау керексің, Ерұлан, – деп ол дауысын көтере сөйледі. – Екі ай бұрын онда не болғаны есіңнен шығып кетті ме? Әлгі жабайы аңның сені ажал құштыра жаздағаны, мен сені әрең аман алып қалдым, ондай жағдай тағы да қайталанғанын қаламаймын, өзің де білесің, Батыс орман қауіпті жануарларға толы, – деп ол Ерұланға бұрылды. – Ерұлан, жақында сен әке атанасың, сенің қауіпті дүниелермен айналысып, балаңның әкесіз өскенін қаламаймын.

– Бірақ менің онда не көргенімді білмейсің ғой.

– Сен онда бардым деп маған айтпа, мен сенен өтініп едім ғой онда бармауды, сен кішкентай бала сияқтысың, егер бұл әдетіңді қоймасаң, бір күні орманның ішіндегі жабайы жануар түбіңе жетеді, егер сонда мерт болсаң, есіңде сақта – мен ол үшін өкінбеймін… Неге сені қауіпті дүниелерге тарта береді?!

– Тыңдашы, мен онда барған кезде адам көрдім және ол орманның ішіне қашып кетті.

– Адам! Батыс орманда ма? Тұран хандығындағы ең қауіпті орманға бас сұғатын адам табыла қоймас, әрине сені есепке алмағанда!

– Мені тыңдашы бөле бермей.

– Жарайды.

– Мен онда адам көрдім, бірақ ол адам емес.

– Қалайша? – деді ол маңдайын тыржита.

– Иә, біртүрлі естіледі, бірақ ол адамға қарағанда екі есе үлкен болды, оны аңдаусызда байқап қалдым, бірақ толық қарап үлгерген жоқпын, мені көрісімен ағаштардың арасына жасырынып қашып кетті.

– Мүмкін ол жануар шығар, – деді Батыра.

– Жоқ, мен оның денесін анық көрдім – адам сияқты тік тұрды, бірақ өте үлкен.

– Сенімдісің бе?

– Иә.

– Сонымен маған не демексің? – деді Батыра.

– Біз сонда барып, сен маған оның не екенін анықтауға көмектесесің, – деді Ерұлан. Батыра терең дем алып, күрсіне қайта шығарды:

– Сен ештеңеден сабақ алмайды екенсің, – деп оған қарады, – Ерұлан білесіңғой ондағы жануарлардың басым көпшілігіне біздің қару әсер етпейді – олардың қалың терісінен тіпті ең өткір деген қылыштарда пайдасыз, неге сені сонда тарта береді?

– Сол үшін мен қару жасадым, онымен бірге бізге ешқандай қауіп төнебейді.

– Қару?

– Соңымнан ер, саған көрсеткенім абзал болар, – деп Ерұлан орнынан тұрып, үстелдегі шамды алды да, Батыра мен бірге кітапханадан шықты.

– Сенің ойлап таппайтының жоқ, жарайды көрейік не екенін, – деп Батыра Ерұланның соңынан ерді.

Екеуі кітапханадан шықты да, ұзын дәлізбен жүре, оңға бұрылып, сарайдан шықты, алып қабырғамен қоршалған сарайды айнала, оның артына барды. Арт жағында қабырғалардың бұрышында орналасқан кішігірім ғимаратқа келді. Кірпіштермен өрілген, үлкен есік-терезесі бар, бірақ жақсылап жабылған ғимараттың есігін Ерұлан қалтасынан кілтін алып ашып, ішке кірді де, құрал-саймандары шашылған үстелге шамды қойып, қабырғада ілулі тұрған үлкен шамшырақты жақты, оның сәулесі бүкіл бөлмені өзінің жарығымен айқын етті.

Батыра айналасына көз жүгірте:

– Мына орынды ретке келтіру керек деп ойламайсың ба? – деді ол Ерұланға көз қырын тастай.

Онда әртүрлі темір құралдар шашылып жатты, тіпті Батыра байқаусызда ауыр темір заттардың біріне аяғын соғып алды.

– Жоқ, барылығы рет-ретімен тұр емес пе? – деді Ерұлан жымия. – Ал міне, біздің сұлуымыз, – деп бөлменің ортасында қара матамен жабылған үлкен заттың жанына келіп, оның бетінен матаны жұлып алды.

– Бұл не? – деді Батыра әлгі затқа жақындай.

– Бұл – Тазарлық зеңбірек.

– Тазарлық зеңбірек? Онымен не істемексің және неге Тазарлық зеңбірек?

– Себебі мен оны Тазар қаласынан әкелінген темірден жасадым, өзің де білесің, онда ең керемет темірлерді өндіреді.

– Сен мынаны толықтай өзің жасадың ба? – деді Батыра зеңбіректі айнала жүріп. – Оны қалай пайдаланасың, ол үлкен, өткір, бұрыштары да жоқ, өзі домалақ екен, мына үлкен тесік не үшін?

– Оны мен саған орманға барған кезде көрсетемін және оны пайдалану үшін ешқандай өткір бұрышты қажет етпейді, сендердің қылыштарың сияқты оны ары-бері сермеп те әуре болмайсың, ал енді саған өтінішім, осыны қаладан алып шығуға көмектес, сен қаладағы Даттан кейінгі әскербасысың, сені қаладан шығарда ешкім тексермес, – деді Ерұлан иегін сипай.

– Жетпегені осы еді, – деп Батыра басын шайқады, – сені тоқтату менің қолымнан келмейтін сияқты, өзіңнің қарғыс атқыр сұрақтарыңа жауап таппай, сен тынышталмайсың; мен саған тек бір келеңсіздікке ұрынып қалмас үшін көмектесемін, бірақ тек мен айтқан күні барамыз, сенің мына қаруыңның қалай жұмыс істейтіні маған қызық болып тұр.

– Жарайды, оған дейін мынаның бітпеген бір-екі жерін жасауым қажет, бірақ тым ұзақ күттірме, білесің ғой менің күткенді ұнатпайтынымды.

– Жарайды, жарайды, қолым босай салысымен саған келемін, ал енді ғафу етсең, мен қайтайын, – деп ол шеберханадан шықты да, тоқтап: – А, айтамын деп ұмытып кетіппін, бұл жолы өзіңмен бірге өз сарбаздарыңды алып жүр, мен саған өзімдікін бермеймін – онсыз да өткен жолы екеуі сенің артыңды жабамыз деп жарақат алды, сосын Датқа басқа сылтау айтуға тура келді, – деді ол.

– Иә, иә, – деді Ерұлан зеңбіректің бетін қайта жауып жатып, оның көз алдына көрген түсі елестеді: сарбаздардың бір-біріне жүгіріп, бірін-бірі аяусыз өлтіргені, тіпті олардың айқайлаған дауыстары, жарылыстың үні оның басында жаңғыра естілгендей, зеңбірекке қарап: «Түсімдегі осының дыбысы емес пе?» деп өзінен сұрады, «бірақ біздің хандықта мың жылдан аса уақыт соғыс болған жоқ, жай ғана кездейсоқтық шығар, мен мұны адамдарға қарсы пайдаланбаймын деп ойлаймын, мүмкін бұл жайлы басқа біреулер біліп, оны ұрлап кетсе, алайда хандықта ондай іс-әрекетке баратын адам табылмас» деп ол өзін жұбатты, бірақ ол өзін не күтіп тұрғанын білген жоқ және барлығы аяқ асты өзгереді деп күмәнданған емес.

Сарайды айнала қоршаған қорғанның жабық тұрған қақпаларының алдына келген Батыраны қарауылда еңселері түсіп, салпайып тұрған сарбаздар, оны көре салып, тік тұрып, қолдарындағы найзаларын берік ұстады. Олардың іс-әрекетін байқаған Батыра:

– Еркін тұра беріңдер, жігіттер, – деп оларға күлімсіреді. Батыра мінезі жағынан өте керемет жан, тек керек кезінде өзінің қаталдығы мен қайсарлығын көрсеткенді жөн санайды. Оның артынан Ерұлан да шеберханасының есігін кілттеп келді. Қара аспанда сан мыңдаған жұлдыздарға қарап, кештің салқын ауасымен тыныстап тұрған Батыраға:

– Мен сені жұлдыздарға қарап тамсанады деп ойламаппын, – деді Ерұлан оның арқасынан қаға.

– Мұндай кереметті көріп, тек ақымақ қана тамсанбас, – деді ол аспаннан көз алмай. – Сен неге күзет қойып қойғансың? Сенің сарайыңа біреу бас сұғады деп ойлайсың ба? – деді Батыра.

– Білесің ғой менің ханға сенбейтінімді, – деп ол досына қарады. Батыра оған кішкене үнсіз көз тастап:

– Жарайды, Сұлу қалай? Денсаулығы жақсы ма? – деді ол.

– Иә, барлығы дұрыс, денсаулығы да жақсы, тек… – деп Ерұлан кішкене кідірді де, – тек оған қарап жүрген дәрігерлер маған ұнамайды.

– Дәрігерлерге не болыпты? Не үшін олар саған ұнамайды?

– Қалай түсіндірсем болады: олар адам болғанымен, сөйлескен кезде құдды қуыршақпен сөйлескендей боламын, оның үстіне олардың бірнеше рет мүлде басқа тілде сөйлегендерін көрдім, – деді Ерұлан.

– Саған солай көрінген шығар, – деп ол Ерұланның иығынан қақты, ал Ерұлан бірдеңе айтпақ болып еді: – Сонымен, Сұлудың босануына қанша уақыт қалды? – деп Батыра Ерұланның әнгімесін бұрып жіберді.

– Нақты білмеймін, бірақ бір айға жетпейді.

– Сонымен, менің данышпан досым, әке атануыңа аз қалды де, – деді Батыра оған жымия.

– Иә, – деп Ерұлан аспанға қарап терең дем алды да, тынысын кішкене ұстап, қайта шығарды, осы сәтте аспандағы жұлдыздар жылт етіп жоғалды да, қайта пайда болды. Оның төбесінен алып бірдеңе ұшып өткендей көрінді, Ерұлан селт етіп:

– Мынау не тағы? – деді ол аспандағы қап-қара көлеңкеге саусағын соза. Батыра кішкене кідіріп.

– Аа, сен әлгіні айтасың ба? Ол жай ғана алып бүркіт қой, сен оны бұрын-соңды көрмегенсің бе? – деді Батыра.

– Көргенмін, бірақ олардың түнде ұшатынын білмеппін.

– Олар қаланың төбесінен өте сирек ұшады, кейде қаланың айналасындағы шаруашылықтарға да шабуыл жасайды, біздің бір-ақ міндетіміз – халықты осы сияқты қауіпті жыртқыштардан қорғау, әйтпегенде бізге басқа жұмыс табылмас еді, – деп Ерұланға қайта қарай, – қазір одан қорқудың қажеті жоқ, олар түнде ешкімге тиіспейді, ал енді ғафу етсең мен қайтайын, бір-екі бітпеген шаруам бар…

– Батыраның атын алып келіңдер, – деп Ерұлан сарбаздарына бұйрық берді де, оған қарап: – Біз елде не болып жатқанын білмейміз, шынымды айтсам мен кімге сенерімді білмеймін, – деді Ерұлан, оның жүзінен уайымдап тұрғаны байқалды. – Сондықтан абай бол, уақыты келгенде мен саған… – деп ол сөзінің жартысынан тоқтады.

– Не уақыты келгенде? Сен маған бірдеңе айтқың келіп тұр ма?

– Жоқ, қазір емес, – деді ол.

– Бәрі жақсы, уайымдама, – деп Батыра оның иығына қолын қойды.

Сарбаз көп күтірмей жылқыны алып келді, жұлқынып тұрған тұлпарға Батыра секіріп мінді, олардың алдында сарайдың биік қақпалары ауыр ашылды да, Батыра мен Ерұлан бір-бірімен қол алыса қоштасты. Ерұлан Батыраны шығарып салған соң тікелей өзінің кітапханасына жол тартты, жол бойы ол ақырын жүріп, түсінде көргенін қайта есіне алды.

«Бұл бір белгі болуы керек, иә, сөзсіз бұл бір белгіні білдіреді, бірақ нені?» деп ол іштей өз-өзіне сөйледі. Кітапханаға барған соң шам жағып, оны қағаздары шашылған үстеліне қойды, орындығына шалқая жайғасып, бөлмеге көз жүгіртті. Шамның әлсіз жарығы бөлмені толық айқын еткен жоқ, кітапхананың жарты бөлігі қараңғы түнекке оранды, ал кітапхананы айнала қоршаған кітап сөрелері түнекке қарай созылып жатты, онда Тұран хандығының түкпір-түкпірінен әкелінген кітаптар тізіле тұрды. Олардың ішінде Ерұланды қызықтырғаны – Бастақ Бабадүрдің «Бізге дейінгі әлем» атты кітабы.

Ерұлан кітапта құпия жолдама бар деген пікірде болды. Егер Үстемділердің ұзақ ғұмыры туралы жазуға тыйым салынса, онда ол жайлы ашық жазбайды деген ойда болды, сол себепті ол, оған дейінгі ғалымдар бір дәйек тауып, оны жасырын жолдама ретінде тастап кеткен деген оймен өзіне дейінгі ғалымдардың еңбектерін қарады. Ерұланды Бабадүрдің кітабындағы Тұманды аймағы жайында жазылған тақырыбы қызықтырды. Себебі Тұманды тіршілікке жарамсыз деп айтылғанымен, Бабадүрдің кітабында өте ерте уақытта онда тіршілік болған: ормандар мен көлдер, бетін жасыл кілем жапқан далалар, ал ең бастысы Марда атты мемлекет жөнінде жазылған, ал қазір… ал қазір онда ешкім аяқ баспайды. Бабадүрдің кітабында хан сарбаздарының Тұмандыда бір затты іздеп жүргені жөнінде дәйек көрсетілген, бірақ не екенін ешкім білмейді және кітапта одан бөлек онда үлкен мұнара бар екендігі жөнінде айтылған, тіпті жолсызбасы да көрсетілген. Ерұланды қызықтырғаны да осы, сол себепті Ерұлан Бабадүрмен кездесіп, оның мұнараны қалай тапқаны жайында сөйлеспек болған кезде, ол Бабадүрдің аяқасты қайтыс болғанын естиді және ең қызығы, оның жазған кітаптары жоғалып кетеді. Осы жағдайдан кейін Ерұлан Бабадүрдің жолсызбасына сүйеніп, бір топ адамға көп мөлшерде алтын беріп; Тұмандыға әлгі мұнараның бар-жоғын біліп келу үшін аттандырады, міне осымен олардың кеткеніне сегіз ай болды, бірақ содан бері олардан мүлде хабар естіген емес. Ерұлан олар оны алдап кетті немесе сонда барып мерт болды деген ойда болды.

Ол түн ортасы ауғанға дейін кітап қарады, сосын көзі жұмылып, ұйқыға кетіп бара жатып селк етіп оянды да, кітапты жауып, өзінің бөлмесіне барып жатты. Бірақ екі сағат өткеннен кейін, Ерұлан оны мазалап жүрген түсті қайта көріп, тағы да шошып оянды; денесінен суық тер ақты, денсаулығында ешқандай кінарат болмаса да ол өзін нашар сезінді. Жанында жатқан Сұлу:

– Тағы қорқынышты түс пе? – деді басын көтере.

– Иә… – деп кішкене кідірді де, – сені оятып жібердім бе?

– Мен сенің бұл әдетіңе үйреніп те қалдым, – деді ол күлімсірей, – бірақ саған не болып жүр? Неге ол түс сені мазалай береді? – деді Сұлу күлімсіреген жүзі өзгере.

– Білмеймін, өзім де соны білгім келеді, – деп Ерұлан қайта жатты, – болды, жатып ұйықта, – деді бәсең дауыспен Сұлуға теріс қарай.

Ерұлан қанша ұйықтауға тырысқанымен, санасындағы айқайлаған дауыстар мен жарылыстың дыбысы, кеудесіне пышақ сұққан көлеңке туралы ой оған ұйықтауға мұрсат берген жоқ. Кішкене жатқан соң ол киінді де, ақырын бөлмесінен шығып кетті. Дәлізбен сыртқа қарай бет алды. Кенеттен құлақтары шыңылдап, айқайлаған дыбыстар қайта естіліп, ол басын ұстай, қабырғаға сүйеніп, жерге ақырын отырды, түсіндегі дыбыстар оның басының ішінде жаңғырықпен естілді. Барлығы басылған соң баяу қолдарын басынан алды – егер жылдам алатын болса, басы жарылып кететіндей болды. Ол ақырын орнынан тұрды. Әлгі дыбыс өңінде де естіле бастаған соң: «Мен есімнен ауысайын деген шығармын» деп өзіне іштей сөйледі. Ол қабырғаға қолын сүйеп кішкене тұрды да, далаға қарай бет алды.

Сыртта таң ата бастағанымен, айнала қараңғылау еді. Ерұлан «Ух» деп күрсіне дем шығарды.

Ол істеп жатқан ісінен бір сәтке демалғысы келді. Ол өте тыныш жерге барып, өзімен-өзі жалғыз қалуды қалады. Ерұлан шығыстан атып келе жатқан күнді бөгеген Бұрат тауына бас бұрды – күн сәулесінің әсерінен тау оған толықтай қап-қара болып көрінді.

«Бүгін бір керемет ауа райы болатын сияқты, тауға барып бой жазып қайтқаным дұрыс шығар, мүмкін мына қорқынышты дүниелер де кішкене болсын басылар» деп өзіне іштей сөйлеп, ат қораға жол тартты. Ат қорадан өзінің тұлпары Баламурға ер тоқымды салып, оған мінді де, қақпаға қарай ақырын беттеді. Қақпада тұрған сарбазға:

– Қақпаны аш! – деп айқайлады, оның даусы ашулы адамдікіне ұқсас болып шыққан соң, қақпадағы сарбаз оған «Бір жерге баруға әлі ерте емес пе?» деп айтуға дәті барған жоқ, тек үндемей, оған қақпаны ашып берді. Ерұлан қақпадан шығып бара жатып:

– Сарайдағы дәрігерлерден көз алушы болмаңдар! – деп әлгі сарбазға сөйледі, ал ол Ерұланға жұлқына басын изеді.

Ерұланның сарайы қаланың оңтүстік-шығыс бөлігінде, халық көп орналасқан жерде еді, сарайды тастан әрлеп жасалған тар көшелер қоршады, ол алдында тастан жасалған көшемен шығысқа – тауға қарай көтерілді, ал санасындағы мазасыз ойлардан арылу үшін жан-жағына қарап, айналадағы көрініске мән берді.

Қаланың тыныш болғаны соншалықты, Ерұланның атының басқан әрбір қадамының тоқылы бос көшелерде жаңғыра естілді. Кішкене жүргеннен кейін оның мұрнына керемет гүлдердің иісі келді, ол қаладағы ең қызық үйлердің бөлігіне кірді. «Неге қызық?» деген сұрақ туындаған болар, себебі әлгі сары түсті зәулім үйлердің төбесінде үлкен ағаштар өсті, ал кейбір үйлердің төбесінен төмен қарай шырмауықтар өсіп, қабырғаны толықтай көмкерді. Бұлақты қаласында адамдардың басым көпшілігіне бағбаншылықпен айналысқан ұнайды, сол себебті халық қалада тұрып жатқандығына қармастан, әртүрлі өсімдіктер мен ағаштарды өсірді. Үйлерге алыстан қараған кезде олардың төбесінен жасыл шаш өсіп тұрғандай, соған орай Бұлақты қаласын халық арасында әзілдеп «Жасыл шашты қала» деп те атайды.

Ерұлан біраз жүргеннен кейін тауға жақындап, қаланың шет жағына да келіп жетті, үйлер мұнда сирек және қаладағыдай зәулім емес, ал тасжол жай ғана топыраққа айналды. Тауға жақындай бере тау бөктерінде орналасқан үйлердің төбесі қалың ағаштардың арасынан көрінді, күн бұрынғыдай таудың артынан емес, төбесінен шуағын шашты, оның сәулесі жерді қыздырып, алмас сияқты шық қатқан шөптерді ерітіп, айнала таң атысымен ұяларынан шыққан құстардың әсем әуеніне толды. Ерұлан айналасындағы керемет тау көрінісіне қарап, бойы сергіп, санасындағы мазасыз ойлары да жоғалды.

Үйлердің арасымен жүріп өткеннен кейін ол тауға көтерілген сайын жол жасыл шөппен көмкеріле бастады, оңға қарай бұрылып, өзі баратын үйреншікті тау бөктеріндегі ашық алаңқайға беттеді. Көп ұзамай ағаштар қоршай өскен тар алқапқа келді де, жылқысын ағаштардың біріне байлап, қалың жасыл шөптің үстіне жайғасты.

Ерұлан алындағы үлкен қалаға көз тастады: ол Бұлақты қаласын тауға дейін қоршаған алып қорғанға, оның оңтүстігі мен солтүстігінде орналасқан екі үлкен қақпаға, ал батысқа қарай созылған жасыл далаға көз салды.

Батыста көкжиектен жап-жасыл ағаштың ұшы байқалды, бұл – Батыс ормандағы ең биік ағаш, оны адамдар Бәйтерек деп атайды, биіктігі бұлттарға дейін созылған алып ағаш аспанда қалқып тұрған жасыл бұлт іспеттес. Орман қаладан екі күндік жерде орналасқан. Онда әртүрлі өте қауіпті жануарлар мекен етеді, сол себепті адамдар онда бармайтын, ал Бұлақты қаласындағы адамдардың көпшілігі ет жемейтіндіктен, ондағы жануарларға тиіспейтін. Адамдар табиғатқа көзінің қарашығындай қарайтын болғандықтан, орманға тиіспеуді жөн санайтын.

Осы көрініске қарап Ерұлан өзінің бұл орынға соңғы рет келіп, қалаға соңғы рет қарап тұрғанын білген жоқ, тіпті олай ойламады да.

Ол жұмсақ шөпке шалқая жатып, ашық аспанда қалқыған бірнеше бұлттың қозғалысына назар аударды, осылайша бұлттарға қарап қалай көзінің ілініп, ұйқыға кеткенін де байқамай қалды. Тек арада ұзақ уақыт өткеннен кейін, күн тас төбеден ауып, ұясына жақындаған кезде ғана көзін ашты; Ерұланның бұлай ұйықтамағанына бірнеше аптаның жүзі болды, ол өзін керемет сезініп, барынша созыла керілді, осы сәтте оның құлағына түсінде көргендей қаладан шыққан әскери қоңыраулардың дыбысы етілді, бұл жолы дыбыс ешқандай түс емес – дыбыс шынында қаладан шықты. Зәресі қалмай Ерұлан орнынан атып тұрды да, қалаға қарады. Оған қаланың оңтүстік қақпасынан ішке кірген сарбаздардың қарасы байқалды, ал олардың біраз бөлігі қаланың қақпаларына қарай керуен сияқты тізіле келе жатты. Ол бірден ағаштың түбінде шөп күйсеп тұрған жылқысына қонды да, сарайына қарай шаба жөнелді.

Қалаға жеткен кезде қала көшелерінде толған сарбаздарды көрді, бұл жайт Ерұланға түсініксіз көрінді, әлгі сарбаздар қаланың солтүстігінде орналасқан әскери қонысқа бет алды, ал қала халқы көшелердің екі шетінде, кейбіреулері үйлерінің терезесінен оларды бақылады. Ерұлан жанында тұрған бір адамнан:

– Мыналар мұнда не үшін жүр? – деп сұрады, әлгі адам Ерұланға қарамастан, «білмеймін» дегендей басын шайқады. Ерұлан атының басын бұрып сарайына қарай шаба жөнелді. Сарайына келген соң атынан түсіп, қақпаның алдындағы сарбаздан:

– Сұлу қайда? – деп сұрады.

– Сарайда, – деп жауап қатты сарбаз аттың ноқтасын ұстай.

Ерұлан жылдам сарайға барып:

– Сұлу… Сұлу… – деп айқайлай бастады.

– Не болып қалды, Ерұлан? – деді Сұлу ас үйдің ашық тұрған терезесінен сыртқа қарай. Ерұланның көңілі орнына түсіп, ас үйге қарай ақырын жүрді. Ол ас үйге кіре салысымен:

– Сен қайда жүрсің, ә? – деп оған Сұлу қолындағы оқтауын шошаңдата сөйледі. – Және неге сонша айқайладың?

– Тауға барып, сонда ұйықтап қалыппын, – деді Ерұлан.

– Тауға бардым деп, басқа жерде Батыра екеуің қаңғырып келген жоқсыңдар ма? – деп Сұлу әзілдей сөйледі. Ерұлан Сұлуға жақындады, Сұлудың бойы Ерұланнан кішкене ғана аласа болатын, ұзын шашы бір бұрымға өріліп, жіңішке белінен кішкене төмен түсті, ал иегінің сол жағында кішігірім қою қара түсті қалы болды; жіңішке жүзінен мейірімділік шашырап тұрғандай, атына сай ол өте сұлу еді.

– Сен бүгін әлгі дәрігерлердің ерсі қылықтарын байқамадың ба? – деп Ерұлан сыбырлай сұрады.

– Жоқ, не болды? – деп ол кішкене кідірді де: – Неге сен сыбырлап сөйлеп тұрсың? – деді Сұлу.

– Жарайды, ештеңе, – деп кішкене кідіре, – сен неге мұнда жұмыс істеп жүрсің? Сен барып демалуың қажет, бізде ас дайындайтын басқа да қызметшілер жеткілікті, сенің босануыңа аз қалды, бірақ сен ары-бері қозғалып жүрсің…

– Сен білесің бе, Ерұлан? Аналар аяғым ауыр екен деп, қозғалыссыз қалмауы керек, олардың қозғалып тұрғандары ішіндегі балаға пайдалы: сондықтан мен де ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білемін, – деп ол Ерұланның мұрнының ұшынан саусағымен сипады. – Ал енді жуынып кел, кешкі ас дайын болып қалды.

– Жарайды, – деді де, ол ас үйден шығып, тікелей жуынатын бөлмеге беттеді.

Жуынатын бөлмеге кіріп шыққан соң ол дәрігер мен оның көмекшісінің бөлмесінің жанынан өтті, олардың бөлмесінің есігі кішкене ашық болды, олардың біртүрлі қараңғы тартқан бөлмелерінен сыртқа қарай әлсіз жарық түсті. Ерұлан есіктің жанынан өте олардың күбірлеп сөйлеп жатқанын естіді, бірақ олар адамға түсінікті тілде сөйлеген жоқ. Ерұлан олардың дауысын «дұрыс естіми жатқан болармын» деп ойлады, алайда ол есікке жақындап, олардың әңгімесіне құлақ сала олардың мүлде басқа тілде сөйлеп жатқанын түсінді, олардың дауысы жейіркенішті естілді. Ерұланның бойынан тарақандар жүріп өткендей – ол өзінің күдігіне тағы да бір рет көз жеткізді, ол ары қарай бара жатыр еді:

– Амансыз ба? – деп дәрігер оның арқасынан сөйледі.

– Иә, аманмын, өзіңіз қалайсыз? – деді ол дәрігерге бұрыла.

– Көріп тұрғаныңыздай менде бәрі жақсы, – деп ол Ерұланға қабағын тыржитып, – менің ойымша сізде барлығы дұрыс емес сияқты, не болып жүр? Сұлу маған сіздің бір қорқынышты түсті қайта-қайта көріп жүр деп айтты.

– Жо-жоқ, қазір менде бәрі дұрыс, – деп Ерұлан оның әнгімесінен қашқақтады.

– Барлығы дұрыс болса, онда жақсы екен, егер сізде тағы осындай жағдай қайталанып жатса, маған айтыңыз, мен сізге тыныштандыратын шөптерден жасалған тұнба беремін, – деді біртүрлі жымия.

– Ескеретін боламын, – деп ол да өтірік жымия салды.

Ерұлан асыға, ас үйге жақындады, ол жақындаған сайын, оның мұрнына керемет иістер келді, ол жүрісін жылдамдатып, әртүрлі тамақтың иісі аңқыған бөлмеге кірді.

– Ал жайғасыңыз, мырзам, – деп Сұлу оған жымиды, ол жымиған сәтте езуінің екі шетінді, кішігірім ұяшықтар пайда болып, олар Сұлуды одан да мейірімдірек етіп көсетті. Ерұлан әртүрлі жеміс-жидектер мен қарасаң көз тоймайтын тағамдарға толып, жайнап тұрған үстелге жайғасты.

– Қайсысынан бастарымды білмей тұрмын – мыналардың барлығы дәмді сияқты, тамақ талғамай барлығын татып көргенім дұрыс болар.

Үлкен ас үйде Ерұлан мен Сұлу ғана тамақтанды, оларды ешкім мазалаған жоқ: әңгіме айтып, алғаш кездескен кездерін еске алып, көңілді отырды, бірақ бұл көңілді кешті аяқ астынан келген сарбаз бұзды. Асхананың есігінен біреудің асығып келіп, есікті жылдам тоқылдатқаны естілді.

– Кір! – деді Ерұлан, қолындағы қасығын ыдысына қайта сала.

Ішке бір сарбаз асыға кіріп:

– Мазалағаным үшін кешіріңіздер, бірақ сыртта екі адам сізбен жолыққысы келетінін айтып тұр, кеш уақытта келгендіктен оларға ертең келіңдер дедім, бірақ олар сізбен кездеспей ешқайда кетпейміз деп қақпаның алдына отырып алды.

– Олар кім болды, танымайсың ба?

– Жоқ, оларды алғаш көруім. Өздерінің түрлері қаңғыбасқа ұқсайды, ал қолдарына екі үлкен дорба ұстап алған, олар сізге «Өте алыс жерден әкелген маңызды хабарымыз бар» деп айтсаң, сенің мырзаң түсінеді» деді, – деп сарбаздың айтқаны сол еді, Ерұлан орнынан атып тұра, бөлмеден оқтай ұшып шықты, оның артынан Сұлу:

– Не болды, Ерұлан? Тыныштық па?

– Иә-иә, уайымдама! Сен тамақтана бер, мен қазір келемін, – деді.

Ол қақпаға жақындағанда ашық тұрған қақпа алдында үстеріндегі киімдерінің тарам-тарамы шыққан, оның үстіне малмандай су, әбіржіген екі адамды көрді; қолдарына екі үлкен қоржын ұстаған, қоржындарынан төмен қарай су тамшылады. Ерұлан оларға жақындаған сәтте:

– О, мырза, сізді көргенімізге қуаныштымыз! – деп қолдарындағы қоржындарын жерге қойып, Ерұланға жақындай бергені сол еді, сарбаздар найзаларын олардың көкірегіне тақап, әлгілерді тоқтатты. Бейтаныс адамдарға Ерұлан біраз қараған соң сегіз ай бұрын Тұманды аймағына жіберген адамдары екенін түсінді.

– Нұрлан, Жақып, бұл сендер ме? – деп сұрады.

– Не болды танымай қалдың ба?

– Әрине, мына түрлеріңді көріп… сендерді мен түгілі, туған аналарың да танымай қалады, сендерге не болған? Ал қалғандары қайда?

– Барлығын осында айтқанымызды қалайсың ба? – деді Жақып, алдында тұрған сарбаздарға басынан-аяқ көз жүгірте.

– Жо-жоқ, ішке кіріңдер, менің соңымнан еріңдер, – деп оларды өзімен бірге кітапханасына алып кетті.

Кітапханаға барар жолда Ерұлан олардан не болғанын сұрап еді, «оңаша жерге барған соң ғана айтамыз», – деп жауап қатты.

– Не болды, соншалықты құпия ма? – деді Ерұлан түрі өзгере.

– Сен білмейсің ғой біздің не көргенімізді, – деді Жақып.

– Иә, түрлеріңнен көрініп тұр бір жаманшылықтың орын алғаны.

Олардың арасында тыныштық орнады – тек басқан қадамдарының дыбысы ғана естілді. Ерұлан анда-санда оларға көз қырымен қарап-қарап қойды да, кітапханаға жақындай, тоқтап есікті ашып, оларға ішке кіруге жол берді. Олар кітапханаға кірген кезде, Нұрлан шатқалақтай жерге құлай жаздады, оны Ерұлан қолтықтай ұстап:

– Сенде бәрі дұрыс па? – деді бір қолымен есікті жібере.

– Иә, дұрыс… Кішкене әлсірегенім болмаса… – деп орнына қайта тұрды.

– Мен сендер үшін қобалжиын дедім, қазір сендерге тіске басар алдыртайын.

– Жоқ, ештеңенің қажеті жоқ, тезірек ішке кірейік және есікті бекітіп ал, – деп Нұрлан шатқалақтай жүре, үлкен кітапханаға кірді. Барлығы үстелге жайғасып болған соң:

– Ал енді құлағым сендерде, неге сонша жоғалып кеттіңдер? Және сендерге не болған? Тепсе темір үзетін жігіттердің шал сияқты шамасыз күйге түсуіне не себепші? – деді ол екеуіне қарап.

– Иә, айтпа, – деді Жақып күрсіне.

– Біз сен айтқан жерге бардық, бірақ онда бару біз үшін оңайға соққан жоқ – алыс әрі қиын жолда бізді бірнен кейін бірі жолдастарымыз тастап қашты. Онда жету үшін біз үш ай уақыт жоғалттық. Хандық пен Тұмандыны бөлген алып қорғанға жетіп, арғы бетке өттік… – деп кідірді, – онда халық айтқандай: ешқандай тіршілік жоқ, тірі жәндік, өсімдік, ештеңе тіршілік етпейді; ештеңе өспейді, нағыз өлі аймақ – құдды біреу бар тіршілікті алып, бір сандыққа жасырып қоғандай, тек қара түсті өлі топырақтан басқа ештеңе кездестірген жоқпыз; кездестірмейміз деп те ойладық, бірақ біз қателескен екенбіз, ол жерде шынында бірдеңе болған сияқты, – деген кезде Ерұланның жүзі өзгеріп кетті, – сен берген жолсызбамен жүре бере, біз аласа таулардың арасына келдік. Тау арасынан сен айтқандай мұнараны таптық, – деген сөздер оның аузынан шығып еді, Ерұлан Жақыптың айтқанына асқан мұқияттықпен тыңдай бастады.

– Мұнара – үлкен ақ түсті кірпіштермен қаланған, ал биіктігі екі қабат үймен бірдей, төбесі қираған, бірақ айналасында ешқандай қиранды болған жоқ, ерте уақытта салынғаны анық, үстіне шығып төмен қараған сәтте оның төмен қарай тереңірек созылып, басым бөлігі жер астында жатқанын түсіндік.

Екеулеп төмен түсіп мұнараның ішін қарадық – басында ешқандай күдікті зат байқалған жоқ, алдымызда ұзына бойы созылып, қаратүнекке оранған дәліз жатты, сұр түсті шаң басқан қабырғаларында бейтаныс руналар бейнеленген, ондайды біз бұрын-соңды көрмегенбіз, ал ары қарай жүре берген кезде… адамның қаңқасын таптық…

– Адамның қаңқасы? – деп оны Ерұлан бөліп жіберді. – Бірақ бұл мүмкін емес қой, қалайша? – деді ол таңырқай.

– Ол жағын мен білмедім, бірақ онда бір емес, ондаған адамның қаңқасы болды және олар бүтін болған жоқ, құдды бір алып хайуанмен шайқасқан сияқты жан-жаққа шашылған, бас сүйектері мен сүйектері сынған, майдаланып кеткен десек те болады. Әлгіні көргеннен кейін бойымызды үрей басты, «артқа қайтамыз ба» деген ой келді, бірақ біздің қызыққұмарлығымыз, қорқынышымыздан күштірек болып, соңына дейін жүруге бел байладық. Жол бойы одан біздің көргеніміз қаңқалар болды, ал соңына жеткенде не тапқанымыз сенің он ұйықтасаң түсіңе кірмейді, – деді Жақып .

– Не таптыңдар? – деді ол тағатсыздана.

– Соңында біз мұнараның қираған бөлігіне келдік, ары қарай жол жабық болды – үйінділермен бекітілген, менің ойымша біз мұнараның тек бір бөлігін ғана қарап шықтық. Сол жерден ғана біз бүтін қаңқаны таптық, бірақ оның адамдікі екеніне менің күмәнім бар, – деді де, Жақып Нұрланға қарады, Нұрлан оған басын изеп, қоржынның ішінен екі мүйізі шошайған, үлкен бас сүйекті алып Ерұланның алдына қойды, әлгіні көрген Ерұлан кішкене артқа қарай шалқайып:

– Бұл не? – деп сұрады үрейлене.

– Көріп тұрған жоқсың ба – бас сүйек! Жағымсыз иісіне мән берме, біз қалаға кірер кезде қақпадағы сарбаздар тексермес үшін, кәріс құбыры арқылы кіруге тура келді, – деді Нұрлан.

– Бас сүйек екенін білемін ғой, бірақ кімдікі?

– Ол жағын біз де білмейміз, одан бөлек оның жанында мына заттар жатты, – деп Нұрлан қоржынның ішінен: төрт бұрышты сұр түсті қорап, бойтұмар мен жартылай сынған қанжарды алып, Ерұланның алдына тізіп қойды.

Сұр түсті қораптың сыртында түсініксіз руналар болды. Ерұланды қызықтырған да сол, себебі руналар оған таныс көрінді. Оларды бұрын бір жерде көргеніне сенімді, алайда қайдан екенін есіне түсіре алмады. Нұрлан әлгі сұр қорапқа қолын тигізген жоқ, ол қорапты асқан мұқияттылықпен ұстады, құдды қорап өте нәзік зат болғандай, Нұрлан қолындағы қоржынын шетке қойған кезде Ерұлан:

– Ал мынау не? – деп ол қорапты ұстай бергені сол еді, Нұрлан мен Жақып:

– Жо-жоқ! – деп оны тоқтатып үлгермеді, Ерұлан қорапты ұстай бергені сол, қолын қойған орын қызып-қызыл түсті жарық шашырай, Ерұланды шалқасынан құлатты. Ол есінен танып, Нұрлан мен Жақып екі жақтап оны орындыққа қайта отырғыза, сезімге келтірді.

– Қалайсың, досым? Неге айтқан тілді алмадың? – деді ол. – Не көрдің? Сен мынаны ұстаған кезде бірдеңе көрдің бе? – деп Нұрлан тағатсыздана сұрады. Ал Ерұлан отырған орнында ойын жинақтай алмай кішкене кідірді, оның өне бойы дірілдеп, өңі қаша, маңдайы терлеп, қабаған иттен қашқан адам сияқты ентіге тыныс алды.

– Сен де оны көрдің бе? – деді ол Нұрланға.

– Иә, оның бейнесі менің ойымнан кетер емес, – деп Нұрлан орындығына қайта жайғасты, олардың әңгімесіне Жақып араласа:

– Сен де құбыжық көрдің бе? – деп сұрады.

– Иә, үлкен, өте үлкен және ол аспанда қалқып тұрған таулардың алдында тұрды, айналасы қып-қызыл отқа оранған, тұрқы бұлыңғыр, анық көрінген жоқ, дегенмен оның көлемін аңғару қиын емес, оның не екенін білесіңдер ме? – деп оларға кезек-кезек қарады.

– Жоқ, оның тек сол бейнесінен басқа ештеңе көрген жоқпын және ол туралы ештеңе білмейміз.

– Сен оның артындағы аспанда қалқып тұрған тауларды көрдің бе? – деді Ерұлан.

– Иә, менің ойымша, ол – Алтаһир таулары, – деді Нұрлан.

– Бұл нені білдіреді?

– Менің ойымша, мына қораптың ішінде бірдеңе бар, оны тек белгілі бір адам немесе мынау сияқты біреу аша алады, – деп Жақып бас сүйекке қолын қойды. – Ал сендер көрген Алтаһир тауының алдындағы құбыжық сол аймақтан пайда болатынын білдіруі мүмкін. Арада үнсіздік орнады, сосын Ерұлан:

– Мына бас сүйектің кімге тиесілі екенін білетін сияқтымын, – деді оларға қарай.

– Кім деп олайсың?

– Бастақ Бабадүр деген зерттеушіні танисыңдар ма? Мен соның кітабынан сендерге берген жолсызбаны алдым, кітапта Тұманды аймағында бұрын Марда атты мемлекет болғандығы жөнінде жазылған… Бабадүр оларға кітабында нақты сипаттама бермеген, мүмкін мынау солардың бірі шығар және хан сарбаздарының онда бірдеңені іздеп жүргені жөнінде жазған, – деді Ерұлан.

– Ол қазір тірі ме? – деп сұрады Нұрлан.

– Жоқ, сендерді Тұмандыға жібермес бұрын, мен онымен кездесуге тырысқанмын, бірақ оның аяқ асты қайтыс болғанын естідім, ал оның отбасысы көшіп кеткен, қайда екенін ешкім білмейді; тіпті жақындары мен достары да, ал оның кітаптары мүлде жоғалып кетті.

Міне, осыдан кейін сендерді Тұмандыға жібердім… Ал енді бізде барлығы бар, Бабадүрдің кітабында шындық жазылғаны анық, сонымен қатар ол «Марда мемлекетінің жоғалып, Тұмандыда тіршіліктің жойылуы – ол адамдардың кесірі», – деп жазған, анығырақ айтқанда, бір топ адамның және оны ол хан мен билеушілердің кінәсі дегенге келтірген, бірақ оларды Бабадүр ашық кінәламаған. Менің күдігім расталып келе жатқан сияқты.

– Иә, оның аяқасты қайтыс болуының өзі мұнда бір шикіліктің бар екенін білдіреді. Сонымен қатар әлгі мұнараның ішінде адамдардың қалдықтарының табылуы – бұрын адамдар мен олардың арасында соғыс болғандығына сілтейді… Біздің хан шынында Мардалардың жойылуына кінәлі сияқты… Және біз саған басты жаңалықтың бірін айтқан жоқпыз, Бабадүр кітабында жазғандай, онда біздің сарбаздар бірдеңені іздеп жүр, – деді Жақып.

– Сендер Тұмандыда сарбаздарды көрдіңдер ме? – деді ол таңырқай.

– Иә және онда тобырымен кезікті. Оларды тек хандыққа оралар жолда жолықтырдық, олардың көзіне түсіп қалмау бізге қиынға соқты, және біздің сарбаздардың Тұмандыда жүргеніне өте ұзақ уақыт болған сияқты, тіпті бірнеше ұрпақ бой жалғасқан десек те болады, оған дәлел мына сынық қанжар, – деді де, Нұрлан қолына қанжарды алды, – мұнараның ішінде көптеген қару болды, бірақ олардың онда ұзақ жатқандығы соншалықты, тот басып, орнынан қозғасаң күл сияқты жан-жаққа шашылады, тек мына қанжар ғана жақсы сақталған, енді қара, – деп ол Ерұланға жақындады, – Мына таңбаны көріп тұрсың ба? – деп оған қанжардың түп жағында ұстағышқа жақын орналасқан бөлігін көрсетіп, – анықтап қарасаң, жемтігіне атылған бүркіттің бейнесін байқауға болады, не деп ойласың? – деді. Ерұлан кішкене ойланып:

– Бұл – Саһтир. Мың жыл бұрын біздің сарбаздар, осы таңбаның астында жүрген, бірақ нақты қашан екенін білмеймін, бұл таңбаның орнына басқа таңба – Арыстан бейнеленген таңбамен ауыстырылған.

– Өзің тарихты жақсы біледі екенсің. Бұл мұнарадағы қаңқалардың біздің сарбаздарға тиесілі екеніне, сонымен қатар ұзақ уақыт бұрын адамдар мен мардалықтар арасында соғыс болып, мардалықтардың жойылып кетуі, адамдардың ісі дегенге дәлел, бірақ неге? Неге хан оларды жойып, ол туралы жасырып қалған?

Егер олар адамдарға қауіп төндірсе, онда ашық айтуға болатын еді; неге бұл жайлы ешқандай кітапта жазылмаған? Немесе ешқандай адам білмейді, менің ойымша, біз білетін тарих тек өтірік пен жалғаннан тұратын сияқты. Тарын хан мен билеушілер бізден бірдеңені жасырып отырғандары сөзсіз.

– Ол өзінің ұзақ өмірінің құпиясын жасырып қалғысы келеді – бар себебі сол, – деді Ерұлан бас бармағын тістей. – Ол мардаларды жойып, онда қабырға тұрғызып, «Тұмандыны ібілістер жайлаған» деп; адамдардың онда баруына тиым салған себебі де сол, ол өзінің құпиясын жасырып қалғысы келеді… – деп ол кішкене кідіріп, ал онда сарбаздар не істеп жүрді? – деді ол.

– Олардың тек қабырғаға бет алып, хандыққа өткендерін көрдік. Олар өздерімен бірге бір затты алып жүрді. Оларға біз қабырғадан асып, хандыққа жақындаған кезде жақындап, не үшін Тұмандыға кіргендерін білуге тырыстық. Алғаш алдымыздан кішігірім қала шыққан кезде, олар қалашыққа бет алды, біз оларға барынша күдік тудырмай жақын жүруге тырыстық, сол сәтте олардың бірінің «Оның іздегені осы болса екен» деген сөзін естідік. «Мен де соған үміттенемін, әйтпесе ана қарғыс атқан жерде тағы бірнеше жыл жүргім жоқ», – деді екіншісі.

«Қазір бұл туралы айтатын уақыт емес», – деп үшіншісі олардың сөзін бөлді. Одан кейін олардың әлгі зат туралы айтқандарын естіген жоқпыз, не болса да олардың Тұмандыда бірдеңе іздеп жүргендері анық.

– Не екенін анықтау қажет… бірақ оны анықтауға тырысудың өзі өте қатерлі дүние, алайда біз мынаның барлығының артында не жатқанын білуге міндеттіміз, – деді Ерұлан.

– Мұның соңында не жатқанын білгім-ақ келеді, бірақ мен шаршадым, – деді Жақып Ерұланға қарай.

– Сендерге бір нәрсе айтайын, Бабадүрдің кітабында тағы бір дүние жазылған, онда: «Біздің әлем ақырын өліп бара жатыр, ұзақ уақыт өткеннен кейін біздің жеріміз де Тұманды сияқты тіршілігі жоқ, өлі жерге айналады, ал тіршілік мәңгілікке жоғалып кетеді» – деген.

– Бірақ ол мұның барлығын қайдан білген, ол да мұның бәрін бір жерден білуі керек, бірақ қайдан? – деді Нұрлан.

– Біз оны енді ешқашан біле алмаймыз, мен кешіктім – хан Бабадүрді өлтіріп, оның отбасын ешкім білмейтін бір жерге жіберді немесе олардың да көзін құртты, – деді Ерұлан. Олардың арасында тынышық орнады, барлығы бас сүйекке, әлгі қорапқа қарап отырды. Сосын Ерұлан:

– Ал мына бойтұмар, ол жайлы білесіңдер ме? – деді бойтұмарды сұқ саусағымен көрсете, бойтұмар көк түсті домалақ тастан жасалған, ал оның бетінде алтын түспен қанатсыз айдаһарға ұқсас жануар бейнеленді.

– Жоқ, оның не екенінен хабарымыз жоқ, – деді Жақып.

– Сендер осының барлығын мұнараның бір бөлігінен ғана таптыңдар ма?

– Иә, ары қарай өтетін жол болған жоқ, қирандылармен бітелген, – деді Нұрлан. Ерұлан кішкене ойлана, екеуіне қарады:

– Егер сен бізге мұнараның жабық бөлігінің арғы жағында не бар екенін біліп беруді сұрамақ болсаң, онда біз бас тартамыз, әлгі қарғыс атқан жерге қайта оралғымыз жоқ, енді тек тыныш өмір сүргіміз келеді, – деді Нұрлан.

– Жоқ, менің ойымша, сендердің мына әкелген дүниелеріңнің өзі жеткілікті, ары қарай не істеймін десеңдер де өз еріктерің, бірақ бұл жайлы ешкімге айтпауларыңды сұраймын.

– Әрине, бұл жайлы айтып басымызға бәле таба алмай жүр дейсің бе? – деп олар әзілдей сөйледі. Сосын орындарынан тұрып:

– Онда біз жүрейік, саған бар білгеніміз бен көргенімізді айттық, енді қалғаны өзіңнің қолыңда, абай бол, саған тек сәттілік тілейміз…

– Бірнеше күн осында болсаңдар қайтеді? Мен тек қуанатын едім, сендерді мына күйде жібергім жоқ, – деді Ерұлан.

– Сенің бұл қонақжайлылығыңа алғысымыз шексіз, бірақ біз кетуіміз керек, – деді Жақып .

– Сендерді райларыңнан қайтара алмайтын сияқтымын, ең болмағанда мен беретін сыйлықты қабыл алыңдар, – деп оларға Ерұлан бір қапшық алтын берді.

Ерұлан оларды қақпаға дейін шығарып салып, құшақтаса қоштасты:

– Сендердің мына істегендерің, менің өмірімде болған ең керемет жаңалық, сендерге қалай рахметімді айтарымды білмей тұрғаным, – деді де, – абай болыңдар, тағы да кездесеміз деген үміттемін, – деп сарбаздарына оларды шығарып салуын бұйырды. Олардың артынан қарап кішкене тұра, Ерұлан кітапханасына жол тартты.

ЕКІНШІ БӨЛІМ. АЛТЫ ТАҢБА КІТАБЫ

Осыдан кейін Ерұлан уақытының басым көпшілігін кітапханасында, қорап пен бас сүйекті зерттеумен өткізіп, бастың суретін салып, салмағы мен ұзындығын – бәрі-бәрін өлшеп, өзінің күнделігіне жазды. Бас сүйектің құрылысының адамдікінен ерекшеліктерін қағазға түсірді. Ерұлан бас сүйек туралы басқа кітаптарда жазылған деген үмітпен көптеген кітаптарды ақтарып шықты, алайда бас сүйекке қатысты ештеңе тапқан жоқ.

Арада төрт күн өтті, осы уақыттың бәрінде Ерұланға қорқынышты түс әрбір ұйықтаған сайын кірді, ол бұл түстің кездейсоқтық емес екеніне, бір күні оның өңінде қайталанатынына көзі жетті, тіпті Ерұлан қылышпен жүретін болды.

Бірде кешкі уақытта Ерұлан әдеттегідей кітапханасында отырды, ол қорап сыртындағы руналарды қай жерде көргенін іздеп, өзіне белгілі кітаптарды ақтарды, сосын ол Ескендір Торғынның «Тұманды тарих» деген кітабынан қораптың сыртында бейнеленген руналарды кезіктірді, басында ол бұл бір кездейсоқтық шығар деген ойда болды, себебі руналар бір-біріне ұқсағанымен, айырмашылықтары болды. Ерұлан оларды біраз уақыт тексере келе олардың бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ екендігіне көзі жетіп, руналардың аудармасын оқуға кіріскен сәтте, сырттан біреу асыға жүріп келіп, есікті жылдам тоқылдатты. Ерұлан бас сүйек пен қорапты бар шапшаңдығымен үстел астына жасырып, «Бұл кім?» деп сұрамай жатып.

– Ерұлан, есікті аш! Бұл мен Батыра , – деген дауыс есік сыртынан естілді. Ерұлан орнынан атып тұра, есікті ашты.

– Саған айтарым бар, – деп екеуі бір-біріне қатар айтты.

– Онда сен бірінші, – деді Батыра.

– Ішке кір, – деп ол Батыраны кіргізіп, өзі оның алдына түсіп, асыға жүрді. Батыра жан-жағына жалт қарай, құдды біреу оның артынан түскендей күйде болды.

Екеуі үстелге жайғасып, Ерлан бас сүйек пен қорапты үстел астынан алып шықты.

– Мыналар не?.. – деп бастап жатыр еді.

– Олардың не екенін менен сұрама, мен әлі өзім де, олардың не екенін толық білмеймін, – деді.

– Мынау бас сүйек пе? – деді Батыра таңырқай.

– Иә.

– Мына бас сүйекті ібілістікі демеш! – деді ол маңдайын тыржита.

– Жоға, қайдағы ібіліс, айттым ғой жаңа ғана – мен көп білмеймін.

– Жарайды, оларды қайдан таптың?

– Бастақ Бабадүрдің кітабындағы Тұманды аймағы жайында айтқан болатын, онда мұнараның бар екендігі, тіпті жолсызбасын да жасағандығы жөнінде, міне қара, – деп жолсызбаны Батыраға ұсынды.

– Иә, Тұманды аймағы жайында естуім бар, – деп жолсызбаны қолына алып қарады.

– Мыналардың барлығы сол мұнараның ішінен табылған заттар, – деп Ерұлан болған жайттың барлығын бүге-шүгесіне дейін Батыраға айтып берді.

– Мардалармен соғысқа түскен дейсің бе? Бірақ не үшін?

– Үстемділердің ұзақ ғұмырының сырын жасыру үшін, – деді Ерұлан еш кідірмей, – бірақ бұл – менің ойым, онда әлі біз білмейтін дүниелердің болуы ғажап емес, – деді ол. Батыра Ерұланға, сосын қорап пен бас сүйекке кезектей көз тастады. Көпке созылмаған үнсіздіктен кейін:

– Сен маған не айтайын деп едің? – деді Ерұлан үнсіз отырған Батыраға.

– Сенің дұрыс айтқаныңды айтайын деп келдім, – деді ол.

– Қалай?

– Сен маған айтып едің ғой дәрігерлер аурудың алдын алу үшін емес, олар ерекше сәбиді іздеп жүр деп.

– Иә.

– Сенің айтқаның дұрыс болды, олар мұнда ешқандай да аурудың алдын алу үшін емес, ерекше балаларды табу үшін келген. Хан оларды сол үшін жіберген, ал ауру ол жай ғана желеу, ауруды да олар өздері таратқан, – деді Батыра.

– Өздері таратқан! – деп Ерұлан таңырқады, – сен оны қайдан білдің?

– Байқадың ба, төрт күн бұрын біздің қалаға сарбаздар келді?

– Иә, бірақ неге?

– Бұл жолы олар мұнда қаланың тұрақты сарбаздарын тергеу үшін келді.

– Тергеу үшін? – деп Ерұлан тағы да қайталады, – не себепті?

– Енді мені бөле бермей тыңда. Себебі төрт күн бұрын Қамшат қаласындағы сарбаздар арасында қақтығыс болған, иә адам сенгісіз мың жылдам астам бейбітшілік орнаған хандықтың жауынгерлері бір-біріне қарсы қылыштарын кезейді дегенге сену қиын – сол себепті бізге жақын, басқа қалалардың қолбасшылары бірігіп құрылтай өткізді, онда тек қаланың бас қолбасшылары ғана қатысты, менің жолым болып, олардың әнгімелерінің біразын тыңдадым. Қамшаттағы сарбаздардың бір-бірімен соғысуының себебі – бала үшін, олар бала үшін соғысқан.

Қақтығыс болған күні, қалада денесінде таңбасы бар сәби туылған, баланы дәрігерлер бірден ханға, Рам қаласына жіберген. Қала қолбасшысы жауынгерлерді астыртын түрде басым көпшілігін жинап, баланы алып қаладан шыға бере, сарбаздар бір-бірімен соғысқа түскен: бірнеше сарбаз баланы алып, Шұғрат тауларына қарай қашқан, ең қызығы осы жерде басталады.

Қаладағы сатқындардан құтылған соң, қала сарбаздары баланың соңынан түсіп, оларды Шұғрат тауының аймағына жеткен кезде қолға түсіреді, бірақ аяқасты таудан он шақты алып сілеусін шығып, әлгі баланы алып қашқан сарбаздарды қорғап, артынан қуған, жүзге жуық сарбаздың барлығын қырып салған, – деп ол кішкене кідірді, – жауынгерлердің тек бірнешеуі тірі күйінде сытылып үлгерген, ары қарай бала мен оны алып қашқан сарбаздарға не болғанын ешкім білмейді. Сол себепті басқа қалаларда сатқындар бар деген күдікпен хандықтағы барлық жауынгерлерді біртіндеп тексеруде және бұл құпия түрде жүріп жатыр, – деді Батыра.

Ал Ерұлан оның айтқанын асқан мұқияттылықпен тыңдап:

– Қызық екен, – деді, – денесінде таңбасы бар балалар, – деп ойлана сөйледі де, – мен бала кезімде Шұғрат тауына әкеммен жиі аңшылыққа баратын едім, бірақ біз онда ешқандай алып сілеусін көрмегенбіз, ал олардың баланы қорғауының өзіндік себебі бар сияқты. Балалар неге ханға керек болды? Және неліктен олар тек осы жылы ғана өмірге келуде? Әлгі баланы алып қашқан сарбаздар кімдер? Және оларға не үшін бала керек? Мұның арты қызық болып аяқталатын сияқты, өте қызық болып, – деді Ерұлан.

– Олардың айтуынша әлгі сілусіндер Батыс орманнан келген, себебі Шұғрат тауының аймағын қарап шыққан сарбаздар, сілеусіндердің Батыс орманға қарай кеткен іздерін көрген, енді қолбасшылар орманға сарбаздарды астыртын жіберуге дайындалуда, халық бұл жайлы ештеңе білмейді. Мен сені енді түсіне бастаған сияқтымын, Ерұлан, мыналардың артында не бар екенін мен білгім келеді.

– О, Батыра менің қатарыма қосылайын деген бе? Бұл мен ойлағаннан да қызық болайын деп тұр, – деп алақандарын бір-біріне ысқылады.

– Ендігі іс-әрекетіміз не болмақ? – деді Батыра.

– Мен білмеймін, ол жағын әлі ойластырған жоқпын, алайда бірінші біз мына бас сүйектің, нақты кімге тиесілі екенін анықтауымыз керек, сосын мына қораптың ішінде не бар – соны білуіміз керек, ал оны білу үшін біз Тұмандыға қайта барып, мұнараны толықтай қарап шығуға тура келеді.

– Сонда сен Тұмандыға өзің бармақсың ба? – деді Батыра.

– Жоқ, әрине, онда мен тағы да адам жіберемін, бұл жолы – біреу, екеу емес, бір топ. Тұмандыға барып, мұнараның басқа бөлігінде не бар екенін анықтап қайтады, мүмкін бір дәйек тауып қалармыз, ал біз мұнда қалып, ханға неліктен ерекше балалар керек болғанын, сонымен қатар біздің сарбаздардың Тұмандыда не іздеп жүргенін анықтау қажет.

– Бірақ қалай? – деді Батыра.

– Ол жағын маған ойлану қажет, бізге нақты жоспар керек, қаланың тұрақты сарбаздары балалар жайлы бірдеңе білуі керек, сонымен қатар жаңадан келген дәрігерлер мен сарбаздар біледі деп ойлаймын, алайда оларды осы жағдайға дайындаған сияқты, сол себепті олардың бізге балалар жайлы айтуы екіталай.

– Мүмкін оларға алтын беріп көрерміз.

– Жоқ, олардың оған келісетініне күмәнім бар.

– Неге?

– Сен олардың бірімен сөйлесіп көргенсің бе? – деді Ерұлан Батыраға көздерін сығырайта.

– Жоқ, не болды?

– Сөйлессең байқайтын едің, олардың құдды саналарын улағандай, қалай түсіндірсем екен… – деп Ерұлан кішкене кідірді де, – олар тірі қуыршақ сияқты біртүрлі, бүгін таңертеңгісін мен сарайға келгенде, дәрігерлердің сөйлесіп отырғандығын байқадым, біздің тілде емес, басқа бейтаныс тілде, сол себепті олардың әнгімесін сыртынан тыңдап ештеңе біле алмадым, ал егер олардан балалар жайлы сұрайтын болсақ, онда бізді не күтіп тұрғанын айта алмаймын, бірақ ақыры жаманшылықпен аяқталатынын сезіп тұрмын. Енді сен Датпен жақын араласуың керек, сен оның сеніміне кіріп, одан барлығын біліп алуыңа болады.

– Білесің ғой менің онымен дұрыс араласпайтынымды.

– Енді араласуыңа тура келеді.

– Сен білмейтін шығарсың, бірақ Дат ешкімге сенбейді, оның сеніміне кіру өте қиын, оған көп уақыт кетеді және мен оның біреумен етене араласқанын көрген емеспін, – деді Батыра қастарын көтере.

– Амалын табуымыз қажет, онда біз оның жұмыс орнын ақтарып көрсек, бірдеңе тауып қалармыз.

– Енді бұл ойыңмен келісемін, бірақ бұл өте қауіпті, – деді Батыра. Екеуінің арасында тыныштық орнады, сосын Батыра:

– Маған бір ой келген сияқты, – деді ол Ерұланға.

– Иә, айта бер.

– Бірақ оған сенің жасап шығарған қаруың қажет.

– Оның мұнда қатысы қанша?

– Мені тыңда, біз Датқа жаңадан қару ойлап таптық деп, оған сенің қаруыңды көрсетеміз, яғни қаладан алып шығып, оған көрсетілім ұйымдастырамыз, ол қалада жоқ болған кезде менің адамым оның шатырын тексеріп, басқа қолбасшылардан келген жазбаларды көшіріп алады, ал Дат қайта оралған кезде, оның қағаздары орнында, ештеңе жоғалмаған; ешқандай күдік болмайды, – деді Батыра жымия.

– Иә, тырысып көруге болады, бірақ бұл керемет ой деп айта алмаймын.

– Тырысып көру қажет, – деп ол Ерұланға басын изей сөйледі, – онда мен барайын, маған кету керек, менің негізі мұнда болмауым тиіс, – деп Батыра сыбырлай сөйледі.

– Неге? – деді Ерұлан.

– Оны саған кейін айтам, – деп орнынан тұрып еді.

– Батыра! – деп Ерұлан оны тоқтатты.

– Иә.

– Мен саған тағы бір дүние айтуым керек, – деді. Ерұланның жүзі жабырқаулы көрінді.

– Тыңдап тұрмын, – деп ол орындыққа қайта жайғасты.

– Мен Бабадүрдің кітабынан бір дүние таптым: ол адамдар мен жануарлар, жалпы осы әлемдегі тіршілік иелерінің өмірі бес жылға қысқарғаны жөнінде жазған. Сонымен қатар тағы үстемділердің ұзақ ғұмырын зерттеген ғалымдардың белгісіз себептермен жоғалып немесе ажал құшатынын жазған.

– Түсінбедім! – деді ол жүзі бозара.

– Қысқаша айтқанда, әлемдегі барлық тіршілік иелерінің өмірі соңғы сексен бес жылда бес жылға қысқарған. Сонымен қатар билеушілердің өмірін зерттеген ғалымдар қаза болған.

– Бабадүр себебін жазды деп айтшы, – деді Батыра

– Өкінішке орай жоқ, себебін жазбаған, мүмкін қорыққан шығар, мүмкін жазған – мен түсінбеген болармын.

– Бұл енді мүлде түсініксіз.

– Мен оның шындықты жазғанына шүбәм жоқ, – деді Ерұлан.

– Қорқынышты жаңалық екен.

– Иә, қорқынышты, – деп ол кішкене кідірді, – жарайды сені ұстамайын, кездескенше, абай бол! – деп екеуі қол алыса қоштасып, Батыра кітапханадан жылдам шығып кетті.

Ерұлан кітапханасында қалып, Ескендір Торғынның кітабындағы руналарды қарады, екі қатар жазылған рунаның жанында аудармасы болды, дегенмен Торғынның кітабы адамдардың ежелгі тілінде жазылғандықтан, Ерұланға аударманы аударуға тура келді. Ол жұмысты аяқтады, ондағы рунаның мағынасы: «Өмір – ол ұлы сый, ал оны жоғалту – ұлы қасірет»

– Өмір – ол ұлы сый, ал оны жоғалту – ұлы қасірет, – деп Ерұлан бірнеше рет қайталады, – бұл нені білдіреді? – деп ойлана сөйледі. Ол тағы да басқа дәйектерді табу үшін кітапты толықтай ақтаруға кірісті.

Ерұланның кітапты мұқият оқып шығуына бірнеше күн уақыт кетті, алайда ол осы уақыт арасында қораптың ішінде не бар екендігі жайында ешқандай дәйек кездестірмеді, тіпті қорапты қалай ашуға болатыны жөнінде жазылмаған, оның қолында тек қорап сыртындағы аударма ғана болды.

***

Арада екі апта өтті, бірақ Батыра сол күйі келген жоқ. Ерұланның қорқынышты түстері де басылар емес, оларды күнде көрді. Сұлудың да босанатын уақыты жақындап, оған зиянын тигізуден қорқып, Ерұлан өзін кітапханасына жауып алды. Тек анда-санда ғана Сұлудың жағдайын білу үшін шығып тұрды.

Ол таң атқанға дейін кезекті кітапты қарады, қорап пен бас сүйек әдеттегідей үстел үстінде жатты. Ерұланның дұрыс ұйықтамағанына жиырма шақты күн болса да, ол өзінен шаршау сезінген жоқ. Бүкірейіп отырғаннан белі ауырған соң, кітапты шетке қойып, орнынан тұра керілді, кенеттен қораптағы руналары ақшыл жасыл түсті сәуле шашып, сәуле біртіндеп үлкейе бастады, кішкенеден кейін қорапты толықтай ашық жасыл түс көмкерді, не болғанын түсінбеген Ерұлан бірнеше қадам артқа шегінді. Сол сәтте есікке біреу асыға келіп, оны қатты соқты.

– Мырза! Мырза! Осындасыз ба? – деген қызметшінің жан ұшырған айқайы естілді.

– Иә-иә, қазір, – деп сасқалақтағанынан не істерін білмей, үстіндегі киімін шешіп, оны қорапқа жапты да, есікке қарай жүгірді.

– Не болып қалды? – деді ол есікті аша.

– Сұлу ханым… Сұлу ханым… – деп қызметші ентіге сөйлейді, арғы жақтан Сұлудың айқайлаған дауысы естілді.

– Сұлуға не болды? – деп, ол Сұлуға қарай жүгіре кетті.

– Ол… босанып жатыр… – деп қызметші Ерұланның соңынан айқайлады.

Ерұлан Сұлу жатқан бөлмеге жүгіріп, бөлменің жанына жақындаған сайын, Сұлудың шыңғырған дауысы қатты естіле түсті. Есікті ашып ішке кірмек болғаны сол еді, ішінен дәрігер оны сыртқа итеріп шығарып:

– Сіз сыртта күтіңіз, қалғаны біздің жұмысымыз, – деп есікті Ерұланның алдында тарс жапты.

Ерұлан сыртта, іштен шыққан Сұлудың айқайын естіп, өзін қоярға жер таппай, ары-бері жылдам жүріп, баспалдақпен ақырын сарайдың ауласына түсті. Ол қобалжығаны соншалықты, қораптың жарқырағанын да ұмытып кетті. Қарсы алдында тұрған тауға қарады. Жаңадан атып келе жатқан таңның нұры, қып-қызыл бола таудың төбесінен шашылды. Жүзіне соққан салқын таза ауамен терең тыныс алып, өзінің қобалжуын басуға тырысты. «Барлығы дұрыс болады, барлығы дұрыс болады» деп іштей өзіне қайталаумен болды. Осы сәтте оған баланың шыр етіп жылаған үні естілді.

Ерұланның басқан әрбір қадамы гүрсілдей естіліп, асыға баспалдақпен көтеріліп, Сұлу жатқан бөлменің алдына келе, тойқтай қалды да, есікке ақырын қолын созды. Есікті ақырындап ашып, ішке сығалай қарады, іштегі шырылдаған баланы дәргердің матаға орап, сүртіп жатқанын көріп, бөлмеге аяқ басты, ал Сұлу есінен танып жатты.

– Сұлуға не болды? – деді ол ішке аяқ баса.

– Оны мен тыныштандырдым, – деп дәрігер суық дауыспен сөйледі. Ерұлан үнсіз баласын ұстаған дәрігерге жақындап:

– Баламды көрсем бола ма? – деп дәрігердің қолындағы балаға үңіле қарады. Дәрігер баланы кеудесіне қарай жасырып, оны Ерұланға көрсеткісі келген жоқ. – Баламды көрсем бола ма? Ұл ма, әлде қыз ба?

– Міне , балаңмен болатын осы бір сәтті пайдалынып, оның иісін иіскеп құшақтап ал, – деп ол баланы Ерұлаға ұсынды.

Ал Ерұлан дәрігерге түсінбестікпен қарап:

– Бұл не дегенің? – деп түрі өзгеріп кетті.

– Оның түсінбейтін несі бар, баланың арқасына қара – сол кезде түсінесің, – деді дәріге.

Ерұлан матаға оралған баласын, жылдам арқасын аша, арқасына қарады, оның арқасында қанатсыз айдаһарға ұқсас ірі жануардың басы мен денесі бейнеленген, ол әлгі Тұмандыдан алып келген бойтұмардағы таңбадан еш айырмашылығы жоқ, оны көрген Ерұлан орнында қадалған қазықтай қатып, сөйлеу қабілетінен айрылған адам сияқты, не дерін білмейді.

– Бұл… бұл… – деп қайталай, – бұл нені білдіреді? – деп дәрігерге тесіле қарады.

– Бұл – сенің балаңды қарғыс атқанын білдіреді, сондықтан оны басқаларға зияны тимей жатып алып кетуіміз керек, – деді дәрігер Ерұланға мұқият қарай.

Бөлмеде үнсіздік орнады.

– Енді түсінген боларсың, бұдан былай ол сенің балаң емес, енді ол ханның мүлкі, – деп дәрігер орнынан тұра, көмекшісінің жанына келіп, астаудағы жылы суға қанмен былғанған қолын жуды.

Ерұлан баланың арқасына көз алмай қарап тұр, дәрігердің айтқан сөздерін естіген соң, оның бойынан біртүрлі сезім толқын сияқты жүріп өтті. Қолындағы баласын құшағына басып, баланы ақырын Сұлудың жанына жатқызды. Сосын ол есін жиды ма, оған сөйлеу қабілеті қайта оралды:

– Мүмкін бұл бір белгі шығар, мүмкін сен маған өтірік айтып тұрған боларсың, жаңадан туылған бейкүнә сәби неліктен қарғысқа ұшырауы керек? Сендер өтірік айтып тұрсыңдар, баланың сендерге не үшін керек екенін білмеймін, бірақ оны мен бұлай оңайлықпен беріп қоймаймын, – деп Ерұлан маңдайын тыржитып, сұсты жүзімен дәрігерге қарағанымен, оның сөздерінде қорқыныш байқалды. Осы сөздерді естіген дәрігер қолын жуып жатып қызметшісіне:

– Суды төгуге шыққанда, сарбаздарға дабыл бер, – деп өздерінің түсініксіз тілінде сыбырлады.

Дәрігер қолын жуып бола, бір-екі рет ақырын сілкіді.

– Батыл айтылған сөздер, бірақ ханның мыңдаған сарбаздары сенің сарайыңның алдына қарумен келсе не істемексің?

Хан бұл баланы әлемнің кез келген жерінен тауып алады, одан да осы жерде, барлығы дұрыс кезде баланы бер, осылай істесең, саған және сенің отбасыңа ешкім, ештеңе істемейді, тіпті сен ойыңа келмеген байлыққа кенелесің. Оның үстіне саған ханға неліктен мына сияқты балалар керек екенін білудің қажеті шамалы, аз білсең ұйқың тыныш болады, – деп Дәрігер қолын таза матаға сүртіп, өтірік жымиды.

Көмекші ақырындап қолына астауын алып, Ерұланға қайта-қайта көз қырымен қарай, сыртқа кетіп бара жатқан сәтте, Ерұлан жылдам белбауындағы семсерін суырып, көмекшінің мойнына тақады. Көмекші селк етіп тұрған орнында қозғалыссыз қалды. Астаудағы судың дірілдегенінен, оның қолдарының дірілдеп тұрғаны байқалды. Ол әрең жұтынып Ерұланға қарады.

– Бұл бөлмеден ешкім сыртқа шықпайды, – деп ол өзіне сенімді түрде сөйледі.

Бөлмеде барлығы орындарынан тапжылмады, дәрігер Ерұланға бірнеше қадам жақын тұрды. Ол Ерұланның нақты қадамға бекінгенін түсіне, сөздің пайдасыз екендігіне көзі жетіп, оны күшпен тоқтатуды ұйғарды, ақырындап қолын қалтасына салып, қалтасындағы инені алды да, үстелдің үстінде, ыдыстың ішінде тұрған сұйықтыққа инені Ерұланға байқатпай малып, қысып ұстап:

– Ақымақ болма, Ерұлан, қаруыңды түсір, – деп дәрігер оның назарын аударып , жылдам инені Ерұланның сол жақ желке тұсына сұқты, сол сәтте Ерұланның қолынан семсері түсіп, шатқалақтай бірнеше қадам артқа шегінді де, қабырғаға гүрс етіп соғылып, жерге отырып қалды. Сол жақ аяқ-қолы оған бағынар емес, құдды ұйып қалғандай.

Дәрігер көмекшісіне:

– Қаш! – деп айқайлады.

– Маған не істедің? – деп Ерұлан бар дауысымен сөйледі.

Көмекші астауды жерге тастай сала қашты. Дәрігер үндемей еңкейіп, жерде жатқан семсерді алып. Ол ақырын жүре, мысқылдай күліп, Ерұланның жанына келді, семсерді ақырын аспанға көтерді де:

– Мен саған барлығы дұрыс кезде баланы бер деп айттым, ал сен менің сөздерімді құлағыңа асқан жоқсың, ал енді өзіңнің ақымақтығыңның кесірінен өлесің, – деді дәрігер, Ерұлан оның көзіне тік қарады, осы сәтте дәрігердің көз қарашығы үлкейіп, көзі толықтай қап-қара түске ие болды.

– Сен өзі адамсың ба? – деп Ерұлан, сол жақ желке тұсында қадалған инені суырып, жұлқына жерге лақтырды.

– Жоқ, – деп дәрігер мысқылдай күле, қылышты барынша жоғары көтеріп, семсерді оның жүрегіне сұқпақ болған сол еді, оның алқымына Сұлу артынан келіп пышақ тақады.

– Тағы бір қимыл жасасаң өлесің, – деп қолындағы пышағын дәрігердің алқымына қаттырақ басты. Алқымы кішкене тілініп, шыққан қан төмен ақты.

– Ал енді қолыңдағыны Ерұланға бер, – деді Сұлу.

Дәрігер кішкене ойланып, басқа таңдауы қалмағанын түсінді де, семсердің сабын жерге қаратып Ерұланға ұсынды, Ерұлан жерде отырған күйі семсерді оң қолымен, қатты қысып ұстады.

– Енді ақырын отыр, ешқандай артық қозғалыс болмасын, – деп онымен бірге Сұлу жерге тізерлей отырды.

– Бұл істеріңе әлі өкінесіңдер, себебі сендер баланы қайда алып қашсаңдар да, хан оны тауып алады, – деді Дәрігер.

– Оған бала не үшін керек? – деді Ерұлан.

– Мен оны саған өлсем де айтпаспын.

– Дәрігер аяғын бүгіп отырғаны сол еді, Ерұлан семсердің жалпақ бетімен оның жүзінен ұрды, әлгі соққыдан дәрігер есінен танды. Сұлудың әлі құрығаны соншалықты, ол аяқтарында әрең тұрды.

– Мұнда не болып жатыр? – деді ол бәсең дауыспен.

Ерұлан орнынан тұрып жансызданған қол-аяғын сілкіді де, ес-түссіз жатқан дәрігерге көз тастап:

– Саған барлығын кейін түсіндіремін, мынадан көз алушы болма, егер артық қимыл жасаса, сен білесің не істеу керектігін, – деп оған қылышты беріп, сыртқа қарай жүгірді.

– Тоқта, Ерұлан, қайда барасың? – деп Сұлу артында айқайлап қалды.

Бұл уақытта көмекші сарайдан сытылып шығып, белбауында тұрған көк түсті таяқшаны қолына алып, аспанға қарата, түбінен соқты, тарс етіп жарылыс естілді де, аспанда көк түсті түтін пайда болды және ол бірден жайыла Ерұланың сарайының төбесін жапты.

Айнала қараңғылау болғанына қарамастан, түтінді көру ешқандай қиындық тудырған жоқ. Сосын көмекші, белбауындағы сыбызғыға ұқсас дабылдағышты қолына алып, терең ауа жұта, оны барынша үрледі – қасқырдың ұлығанына ұқсас дабылдағыштан шыққан дыбыс, қалада жаңғыра естілді. Дабылдың дауысынан шырт ұйқыда жатқан қала тұрғындары да ояна бастады.

Бұл уақытта әскери қоныстағы сарбаздардың барлығы ұйқыда жатты, тек жиырмаға жуығы кезекшілікте болды, Ерұланның сарайы әскери қоныстан алыста орналасқандықтан, көмекші берген дабылдың дыбысы оларға ақырын естілді.

– 

Мынау дабылдың дыбысы емес пе? Сен естіп тұрған жоқсың ба? – деді кезекшіліктегі сарбаз екіншісіне, олар кішене үнсіздікте қалды, алайда дабылдың дыбысын естіген жоқ.

– Жоқ, саған жай естілген болар, – деді ол, бірақ артынша екінші рет берілген дабыл олардың құлағына анық естілді

– Естідің бе? – деді біріншісі жолдасына жалт қарай.

– Иә… мынау дабыл, кәне дауылпазды қақ, мен қолбасшыға хабар берейін, – деп ол айқайлады.

Олардың бірі қоршаудың үстімен жүргіріп, дауылпазға беттеді, ал екіншісі әскери қоныстың қолбасшысы Даттың шатырына бет алды. Сарбаз дауылпазды соққанда, оның күркіреген үні қалада жаңғырды.

***

Ерұлан сыртқа шығып жан-жағына жылдам қарап көмекшіні іздеді, оның ойында дәрігердің көмекшісін тоқтату. Ол сыртқа шыға салысымен, аспанды жапқан көк түсті түтінді көрді, ал артынша көмекшінің берген дабылын естіді, сол сәтте Ерұланға қарай бірнеше сарбаз жүгіріп келе жатты.

– Қарғыс атқыр! – деді ол, сосын сарбаздарға қарап: – Сарайдың барлық қақпаларын жабыңдар, барлық сарбаздарды жинаңдар және маған Батыраны тауып келіңдер… – деп ол кідіре, – күйме дайындаңдар, ең жылдам шабатын жылқыларды жегіңдер, – дегені сол еді, оның құлақтарына әкери қоңыраулардың дыбысы жетті. Ерұланның ойына бірінші кезекте соңғы бірнеше ай бойы оған маза бермей жүрген түсі келді, құдды оның түсінде көргені өңінде қайталанып жатқандай, бойын үрей басып, не істерін білмей кішкене орнында тұрды.

Сосын есін жия кітапханасына жүгірді, кітапханасына асыға кірді, алайда қорап орнында жоқ болды, оның орнында Ерұланның киімі ғана жатты. Ерұлан мұны көріп, санасында сан қилы ойлар туындады. Ол үстелге ақырын жақындап, киімін алған кезде, үстел үстінде оған беймәлім кітап жатты, Ерұлан басында ештеңені түсінген жоқ, ол кітапқа қарап тұрды, Ерұлан қорапты біреу алып кетті деген ойға келді, бірақ кітапты қолына алғанан кейін – бәрін түсінді… Қоңыр түсті кітаптың сыртында алты түрлі, ол бұрын-соңды көрмеген жануардың таңбасы екі қатарда бейнеленді, ал Ерұланда ондай кітап болған емес. Кітап бетіндегі ең соңғы таңба жаңа ғана дүниеге келген баласының арқасындағы таңбадан еш айырмашылығы жоқ.

– Бұл нені білдіреді? Қораптың ішінде, кітап болғаны ма? – деп, кітаптың ішін ашып еді, оның ішінде ешқандай жазу, ештеңе болған жоқ, Ерұлан кітапты бірнеше рет парақтап қарап шықты – ештеңе таппады, ол кітаптың бос екенін түсінді, – қарғыс атқыр! – деп ол кітап пен бас сүйекті қоржындарға салып, онымен қоса көптеген қағаздар мен Бабадүрдің кітабын қолтығына қыстыра, сыртқа алып шықты.

Сыртта оны сарбаз алып келген күйме күтті, баспалдақпен жылдам түсіп, сарбазға:

– Есікті аш! – деп айқайлады. Есік ашылысымен ішіне қолындағыларын лақтырып, ол жылдам Сұлу жатқан бөлмеге қайта оралды, бөлмеге кірген кезде, Сұлу баласын қолына алып, оның жүзіне күлімсіреп қарап отырды. Сұлу бірден назарын Еұланға аударып:

– Мұнда не болып жатыр? – деді. Ерұлан есі ауысқан адам сияқты бөлме ішінде ары-бері жүріп, көзіне түскен матамен ес-түссіз жатқан дәрігерді қолдарын арқасына байлады. Сұлудың жанындағы семсерін қолына алып, қайта қынабына салды да:

– Жылдам жинал, біз қаладан қашамыз.

– Не? Сен маған тіпті не болып жатқанын да айтқан жоқсың ғой, мынаның барлығы не үшін болып жатыр? Неге сені дәрігер өлтірмек болды? Не үшін біз қашуымыз керек? – деп ол Еұланға айқайлай сөйледі. Ерұлан терең дем тартып, күрсіне қайта шығарды, Сұлудың жанына барып, қолындағы баланың арқасын көрсетті:

– Мына таңбаны көрдің бе? Дәрігерлер қалада бостан-босқа жүрген жоқ, олар денесінде таңбасы бар балаларды іздеп жүр; дәрігер біздің баламызды тартып алғысы келді, себебі балалар ханға керек және оларға мұндай балалардың не үшін керек екендігін мен білмеймін, бірақ олар балаға қол жеткізбей тоқтамайды, ал егер біз мұнда осылай сөйлесіп отыра берсек, оларға бізді ұстауға үлкен көмек көрсетеміз… – деп орнынан тұра, – маған сен, өтінемін, тек маған сен, енді артық сөзді қойып, соңымнан ерші, – деді Ерұлан оны құшақтай.

Сұлу орнынан атып тұрып, баланы Ерұланға ұстата, үстіне қалыңдау киім киіп, Ерұланға дайынмын дегендей басын изеді. Ерұлан: бір қолымен баласын, екінші қолымен Сұлуды ұстап сыртқа асыға жүрді.

***

Бұл уақытта әскери қоныста қарбалас басталды, дабылдың дыбысын естіген сарбаздар асыға киініп, сыртқа шығып, тізіліп сап түзеді. Қатты дауыстан жеке шатырында жатқан Дат шошып оянды, далаға жартылай жалаңаш күйі жүгіре шыққан ол айналасындағы қарбаласты көріп:

– Мұнда не болып жатыр? Дабыл не үшін соғылуда? – дегені сол еді, ол қаланың оңтүстігіндегі алып көк түтінді көріп, баланың табылғандығын түсінді. – Жылдам қақпаларға барыңдар, қақпаларды жабыңдар, ешкім менің рұқсатымсыз қаладан шығушы болмасын, – деп айқайлады. Оның жанына әлгі сарбаз келіп:

– Мырза, дабыл беріп жатқан адамды не істейміз? – деді.

– Оның бізге қазір қажеті шамалы, баланың қайда екенін, біз ана көк түтіннің арқасында табамыз, бірақ сонда да оны тауып, маған алып келіңдер, – деп шатырына кірді.

Дат ұзын бойлы, арық денелі мұртты адам, сол көзінің астыда үлкен тыртық бар, Дат әлсіз көрінгенімен, қару-жарақты шебер қолданады, ал жіңішке жүзі суық әрі қатал көрінеді.

Ол шатырына қайта оралып, ағаш ілгіштегі сауыт-сайманын асыға киіп, аз уақыттың ішінде сыртқа шықты – әскери қоныстың алдында мыңға жуық атты әскер жиналды, Дат олардың алдында тұрып, барлығына көз жүгірте, оған алып келген аттың үстіне үндеместен қонып:

– Қазір біздің жолымызды бөгеп, мақсатымызға жетуге кедергі жасағандардың бәріне аяушылық танытпайсыңдар, соңымнан еріңдер, – деп түтін тұрған жаққа қарай аш қасқыр сияқты шаба жөнелді.

***

Ерұлан Сұлуды жетектеген күйі сыртқа ұмтылды, оның бойын қорқыныш пен қобалжу торуылдады, жүрегінің қатты соққандығы соншалықты, кеудесінен атып шығып кететіндей күйге түсті, ал денесінен мұздай тер бөлініп, тынысының қатты болғандығы сонша, оның дыбысы Сұлуға естілді.

– Біз енді қайда барамыз, барлық қалада, барлық жерде сарбаздар бар емес пе? – деді Сұлу.

– Мен бағаналы бері соны ойлап келемін, қайда барамыз, не істейміз және мынаның ақыры не болып аяқталмақ? – деді, оның Сұлудың қолын қысқандығы соншалықты, Сұлудың саусақтарының ұшы қызарып кетті. Сұлу ешқашан Ерұланның бұлай қобалжығанын көрген емес. – Менің әкемнің інісі Нариманды білесің бе? Ол Жент қаласының сұлтаны – ол бізге көмектеседі, кезінде әкем оны бір өлімнен алып қалған, ол бізге кез келген уақытта және кез келген жағдайда көмектесетінін айтқан, сонда баруымыз қажет, алайда онда жету оңайға соқпайтын сияқты… – деп кішкене кідірді де, – біз ол қалаға жету үшін Батыс орман арқылы жүруге мәжбүрміз… – дегені сол еді.

– Батыс орман! Ерұлан, сен шынымен айтып тұрсың ба? – деп Сұлу тоқтап қалды.

– Иә, бізде басқа амал жоқ, себебі айналамыздың барлығы жазық дала, олар бізді кез келген жерден тауып алады, тауға қашып құтыламыз деп ойлайсың ба? Жо-жоқ, тауда бізді табу әлдеқайда оңай, ал біз Батыс орманның ішінде бойтасалай аламыз және Жентке де жылдам жетеміз.

– Бірақ өзің білесің ғой орманға кірген адам тірі шықпайтынын, сен сонда біздің өмірімізді қатерге тікпексің бе?

– Мұның барлығы сендер үшін, менде басқа таңдау жоқ, өтінем маған сенші, – деді ол Сұлудың бетіне қолын қойып, осы сәтте Сұлу күйеуінің ең аянышты жүзін көрді, ол жұбайының өміріндегі ең қиын таңдауды жасап, бекінгендігін түсінді де, оған жымия:

– Мен саған сенемін, – деді ол.

Сарай алдында елуге жуық сарбаз жиналды, олардың жүзінде білместік байқалды, «не болып жатыр?» деген сұрақ айтпаса да жүздерінен көрінді, Ерұлан сыртқа шыққан сәтте олардың назарының барлығы Ерұланға ауды, ол кішкене кідірді де, ары қарай жүрісін жалғастырып, Сұлуды күймеге отырғызды. Ол қайта сарайдың алдына көтерліп, алдында жиналған адамдарының жүзін шолып шықты. Осы сәтте:

– Қақпаны ашыңдар, – деген Батыраның дауысы естілді. Ерұлан қақпаның алдындағы сарбазға.

– Жылдам аш! – деп айқайлады. Қақпа ашылып ішке қарай сексенге жуық сарбазымен бірге Батыра кірді.

– Қақпаны жаппай тұра тұр! Мен бірнәрсе айтуым қажет, сосын жаба беруіңе болады, – деді Ерұлан. – Мұнда не болып жатыр деген сұрақ барлығыңды мазалаған болар, мен сендерге түсіндірем, мен бүгін әке атандым: иә, жақсы жаңалық, бірақ баламды менен хан жіберген дәрігер тартып алғысы келді, себебі оның денесінде таңбасы бар, оның не екенін мен білмеймін, бірақ әлгі дәрігерлер мұнда ауруды тоқтату үшін емес, сондай балаларды жинау үшін келген, естіген боларсыңдар, үш апта бұрын осындай бала үшін Қамшат қаласында қақтығыс болғандығын, егер естімесеңдер, олар сендердің білгендеріңді қаламайды, себебі бұл жағдай олардың былығын әшкерелуі мүмкін, – деді ол ары-бері жүре.

Ерұланның жанына Батыра келіп, үндемей оның сөзін тыңдады. Осы сәтте қаланың солтүстігінен шыққан атты сарбаздардың дыбысы естілді, барлығының назары сонда ауды.

– Естіліп жатқан шығар бізге қарай атты сарбаздардың шауып келе жатқандығы, бұл мұнда қазір Қамшаттағыдай қақтығыс болады деген сөз, кетемін десеңдер өз еріктерің, мен сендерді ұстамаймын, бірақ сендердің көмектерің маған керек екенін біліп қойғандарың абзал, тезірек шешім қабылдамасаңдар кеш болады, – деді де, ол Батыраға қарап: – Мынаның барлығын қайдан тауып келгенсің? – деді ол.

– Өткен жолы келген сарбаздар, мыналарды ай-шай жоқ сатқындықта айыптап, оларды абақтыға қамамақ болды, «өтірік сатқындықта айыпталып, абақтыда отырғанша, әділетсіздікке қарсы шыққан дұрыс» деп, менің соңымнан ерді. Сонымен, бала қайда? Ол денесінде таңбамен туылды дегенге сене алмай тұрмын, – деді ол.

– Иә, өкінішке орай, оның арқасында таңба бар… Бәрі осылай аяқасты болады деп ешқашан ойламаппын.

– Сұлу қайда? Сенде қандай жоспар бар? Қала толықтай жабық, бізге қарағанда қарсыластарымыздың саны он, тіпті жиырма есе көп, – деп оған сұрақ жаудыртты.

Ерұлан басын изеп, төменде тұрған күймені көрсете:

– Сұлу мен балам күймеде, ал жоспарға келер болса, менде ол бар, – деп Бтыраға қарады. – Бірақ сенен сұрасам бола ма? Сен екі апта бойы қайда жүрдің? – деді ол.

– Менің жауынгерлеріме олар өтірік айып тақты, мен солармен бірге болдым.

Ерұланның сарбаздардың көбі оның сөзінен кейін ойланбай, қаруларын тастап, сарайдан асыға шығып кетті, тек жиырмаға жуығы ғана қалды. Ерұлан оларға:

– Жылдам атқа қонып, бар керектерді алыңдар, өз шешімдеріңе өкінбейді деген ойдамын, – деді ол.

– Жоқ, мен мұнда не болып жатқанын толық түсінген жоқпын, бірақ билеушілердің барлық қалаларға сарбаз жіберіп, ондағы тұрақты сарбаздарды тергеуі, мұнда шынында бір шикіліктің бар екенін білдіреді және сіздің айтқан сөзіңіз жалған емес екеніне менің шүбәм жоқ, біз соңына дейін сіздің жағыңыздамыз, бәрібір Дат бізді жайымызға қалдырмайды, ол қолындағы билігін пайдаланып, барынша бізді жазаға тартқысы келеді, – деді сарбаз.

– Сонымен, жоспар қалай? – деді Батыра.

– Барлығын айтып отыратын уақыт жоқ, сен адамдардың жартысын бастап, оңтүстік қақпаға жетпей, ең бірінші көпірден өте сонда жайғастыр, Сұлуды да өзіңмен бірге ала кет, ал мен осында қалып, оларды ұстаймын. Саны жағынан көп болғандықтан, олармен ашық алаңда шайқасудың мәні жоқ, орталық қақпаның аймағы ашық болғандықтан, оларды қалада тастап кету қажет, мен белгі берген кезде сен менің келе жатқанымды білесің, сол кезде дайын бол, ал енді сәттілік, сарбаздар мен күймені бастап тездетіп кет, – деп ол Батыраға мұқият қарады. – Айтпақшы, ең маңызды дүниені айтамын деп ұмытып кетіппін, әлгілер мен біздің киген сауыттарымыз бірдей болғандықтан, біз қолымызға ақ мата байлап аламыз, егер мата жоқ болса, онда олар біз емес – осыны есіңнен шығарма. Батыра оның қолдарының дірілдеп тұрғанын көрді.

– Сен маған қандай белгі бересің? Және орталық қақпадан қалай шығамыз, әрине, егер онда аман-сау жетсек, – деп әзілдей сөйледі.

– Менің белгім сенің құлағыңнан мүлт кетеді деп ойламаймын, егер сен сол сәтке дейін саңырау болып қалмасаң, – деді Ерұлан жымия, – ал қақпаға келер болсақ, бір амалын табармыз, онда қаладағыдай сарбаздар көп емес, енді жылдам кет! – деді.

– Әміріңізге құлдық, – деді де, Батыра сарбаздардың жартысын бастап күймемен бірге сарайдан шыға қаланың оңтүстік қақпасына беттеді.

– Қақпаны жабыңдар! – деп Ерұлан артынша айқайлады. – Кәне жігітте, аттарыңа қоныңдар! Қазір біз оларға сыйлық жасаймыз, сосын іш көйлектеріңнен кішкене жыртып, көрінетіндей етіп қолдарыңа байлаңдар, – деп әмір етті.

Оларға шапқан жылқылардың дыбысы барған сайын қаттырақ естіліп, жер дірілдей бастады, әлгі дыбыстан сарайдағылардың бойын қорқыныш биледі.

– Үлгеретін шығармыз деп ойлаймын, – деді Ерұлан дыбыс шыққан жаққа бас бұра, – екеуің соңымнан еріңдер! – деп жанында тұрған сарбаздарға бұйрық берді. Ол шеберханасына қарай беттей, ішіне кіре, тікелей зеңбірекке барып, бетін жапқан матаны жұлып алды да, оған кішкене қарап тұра Ерұлан сарбаздарға:

– Мынаны сарайдың алдына алып барыңдар! – деп бұйрық беріп, өзі оқтық пен зеңбірек оқтарын арбаға салып, сарбаздардың соңынан ерді.

Бұл уақытта сарайға Дат та жақын қалды, ол түтіннің Ерұланның сарайының төбесінде тұрғанын түсініп, жымиғаны соншалықты, езуі құлақтарына дейін жетті.

Сарайға жақындай келе жорғалай шапқан жылқылардың дыбысы қаттырақ естіле түсті, олар шұбыра сарайды тар көшелермен айнала қоршай бастады, іштегі жауынгерлер қабырғаның арғы жағынан естілген аттардың дыбысынан қалай оларды қоршап жатқандығын түсінді. Сырттан келген дыбысты естіп, олардың тынысы тарылып, жүректері жылдам соқты. Даттың әскері бірнеше сәттен кейін сарайды толық қоршап, садақтарын дайындықта ұстап, Даттың келесі бұйрығын күтті. Дат жабық тұрған қақпаны көріп, олардың әлі іште екенін түсінді.

Ерұлан зеңбірегін оқтап, оны қақпаға бағыттап қойды да:

– Жылқыларыңды бекем ұстаңдар және сарайға жақын тұрыңдар, – деп сыбырлай сөйлеп, қолымен артқа шегініңдер дегендей жауынгерлеріне белгі берді.

– Сендер кімге қарсы шығып тұрғандарыңды білесіңдер ме? Қаруларыңды тастап, беріліңдер, баланы бізге беріңдер, осы істегендеріңе көз жұма қараймыз және сендер бұрынғыша өмір сүре бересіңдер; естіп тұрған боларсың, Ерұлан, бәрібір қаладан шыға алмайсың – барлық қақпалар жабық және сарбаздар саны да көп. Сенің тек бір-ақ таңдауың бар – баланы бізге бер, мен саған ойлануға уақыт берем, – деп Дат дауысын көтере сөйледі. Сосын Дат қасындағы жауынгерлеріне:

– Қақпа бұзғышты дайындаңдар, – деп бұйырды.

– Одан да бірден шабуыл жасап, баланы тартып алармыз, – деді сарбаз.

– Жоқ, бала бізге тірідей керек, сондықтан біз оларды көрмей жатып шабуылға шыға алмаймыз, көрейік соңына дейін не болатынын, бәрібір бізден қашып құтыла алмайды, олар торға түскен тышқандай, – деді.

Жауынгерлер көп ұзамай бұзғышты дәл Ерұланның табалдырығының төбесінде ұстап, онымен соққы жасауға дайын болды.

– Ерұлан, текке қан төгіп қайтесің, тыныш баланы бер де, осы жерде мына ақымақтықты тоқтат! – деді Дат, қолын аспанға көтеріп сарбаздарға күтуін ескерткендей.

Бір сәт тыныштық орнап, екі жақ та өздерінің қолбасшыларының бұйрығын күтті. Ерұлан қолына от ұстап зеңбіректі атуға дайын тұр, оның тынысы тарылып, маңдайынан суық тер бөлінді.

– Ерұлан, сенің уақытың тәмам болып қалды, мені қан төгіп, күш көрсетуге мәжбүрлеме, егер біреу зардап шегетін болса, онда ол сенің мойныңда – беріл! – деп Дат айқайлап, қолын ақырындап түсіре бастады. Ерұлан қақпаға қарап, терең тыныс алып:

– Ешқашан, – деп айқайлады, Ерұлан сарбаздарына бұрылып. – Мен мұны ешқашан адамдарға қолданамын деп ойлаған емеспін, – деп зеңбіректі атты, одан шыққан оқ артында сап-сары шоқ ұшқынын қалдыра, көз ілестірмес жылдамдықпен, қақпаға соғылып жарылды. Жарылыстан қақпамен қоса оның арт жағындағы сарбаздарды үйілген асықтарға келіп тиген сақа сияқты, жайратып салды.

Қақпаның оң жағында тұрған Датқа қақпадан ұшқан ағаш қалдығы, сол иығына қадалып, оны атынан ұшырып түсірді, бірақ үстіндегі ауыр сауытының арқасында, оның денесін ағаш тесіп өткен жоқ, тек бір елі ғана кірді, алайда құлағының шыңылдағаны соншалықты, айналасындағы бірде-бір дыбыс оған естілер емес, не болғанын түсінбей ол кішкентай бала сияқты жерде еңбектеп жүрді. Айнала көк түтінге оралып, мұрын жаратын оқтықтың иісі ауаны басты. Бұрын-соңды мұндай жойқын дауысты естімеген сарайды қоршаған сарбаздардың жылқылары қала көшелерімен жан-жаққа бытырай қашты, тіпті жауынгерлердің өзі оларды тыныштандыруға асыққан жоқ. Бұл көріністен кейін Ерұлан өз қаруының неге қабілетті екендігін көріп, жас балаша қуанды, бірақ бір жағынан қаруды адамдарға қолданғаны үшін ол өзін күнәлі сезінді.

Осы сәтте сарайдан бір шақырым жерде көпірдің жанында оларды күткен Батыра мен оның жауынгерлеріне жарылыстың дауысы естілісімен:

– Мынау Ерұлан айтқан белгі шығар, қызық, ақымақ не істеді екен? Әлгі өзінің айтқан қаруын қолданған шығар, – деп Батыра мұрнының астынан сөйледі де, – кәне жігіттер, олар бізге қарай келе жатыр, дайын болуымыз керек, – деді ол, ал сарбаздар артынша садақтарын дайындықта ұстады.

***

– Тоқтаңдар, күтіңдер, – деп Ерұлан айқайлап, екінші рет зеңбіректі оқтады, енді ол қақпаның сол жағын көздеп, тағы да бір от шашты, зеңбіректің оғы қабырғаны қиратып жарылмай, көшенің арғы бетіндегі қабырғаға соғылып жарылды, екінші жарылыс олардың жолдарын толықтай ашты, сарайды қоршаған аттар, жан-жаққа бытырап қашып кетті, жарылыстың толқыны онсыз да есеңгіреп отырған Датты шалқасынан түсірді.

«Алға!» деген қатты дауыс шықты, Ерұлан атының үстіндегі тығыздалып салынған оқтықтың қапшығын тұтатып, оны зеңбіректің астына тастады да, сарбаздарымен бірге сарайдан сыртқа қарай ағылды.

Олар айқай салып, өз қарсыластарына ұмтылып, бірер сәттен кейін Ерұлан тастаған қапшық жарылып, зеңбіректің тып-типылын шығарды. Ерұланға маза бермеген түс енді оның өңінде қайталанды, олар алдарында кездестірген қарсыластарын садақтарымен атып, жылқыларымен соға оңтүстік қақпаға қарай бет алды.

Бірнеше сағат бұрын тып-тыныш болған қала, енді міне ең шулы орынға айналды. Айнала күл мен шаңға толды, аспанға өртенген қақпаның түтіні көтеріліп, жердің бетін қиранды жапты. Күн көк жиектен көтеріліп, тау төбесінен нұрын шашты, бұл уақытта тіршілігі қайнайтын қала көшелері тым-тырыс күй кешті. Ерұлан мен сарбаздары барынша жылқыларын қамшылап оңтүстікке қарай беттеді. Бірақ қайта топтасып үлгерген Даттың сарбаздары, олардың ізіне түсіп, мыңға жуық жауынгердің барлығы бір көшеге сыймайтын болғандықтан, үш топқа бөлініп, оларды жан-жақтан қуды.

Бос көшелермен ұйтқи соңдарына түсіп, оларға жақындай, екі жақ бір-біріне садақ оқтарымен ғана алмасты, Ерұланның бірнеше жауынгерінің жарақат алып, жерге құлағанын көре:

– Қарғыс атқыр! – деп ол ашулана айқай салды. – Басыңдар, қамшыны басыңдар, көпірге дейін жетсек болды, – деп арттағы жауынгерлеріне айқайлады.

Дат есін жиғанымен, оның құлағындағы шуыл басылған жоқ. Ол иығына қадалған ағаш қалдығын суырып, жерге лақтырды, орнынан шатқалақтай тұра айналасына көз жүгіртті, ол бұрын-соңды мұндай көріністі көрген емес және ол осындай жағдайға жетемін деп те ойламаған. Оның жанына бір сарбаз жүгіріп келіп:

– Барлығы дұрыс па? Қолбасшы, қолбасшы! – деп оны екі иығынан ұстап тұрды, бірақ жауынгердің дауысы оған құдды бір алыстан тұйықталып естіліп жатқандай.

Оның оң құлағынан қан кетіп, Дат оны қолымен сүртті. Сарбаздың қойған сұрағы мен жұлқуына еш мән берген жоқ, тек саусағындағы қанды ысқылаумен болды, алайда бірер сәттен кейін ол есін жиды.

– Олар қайда?

– Оңтүстікке қарай беттеді, қазір оладың соңында біздің сарбаздар бар, оларды жібермейміз.

– Маған ат алып кел! – деді ол жерге еңкейе.

– Бірақ сіз атқа отыратын шамада емессіз ғой, – деп жауап қатқаны сол еді, оның жағасынан Дат жұлқи ұстап.

– Айтылған бұйрықты орында, солтүстік қақпағадағы жауынгерлердің барлығын оңтүстікке жіберіңдер, ал мұндағылар жылдам қайта топтассын, оларды қақпа жақтан қолға түсіреміз, – деп маңдайын тыржита сөйледі.

Бұл уақытта Ерұлан көпірге де жетіп қалды, алайда олардың қарсыластары да қалысар емес, ақырындап қуып жете бастады, қуғыншылар оларға оқ атуын тоқтатар емес, тек күшейте түсті, қала нағыз шайқас алаңына айналды.

Ұзын көшенің соңы жақындап, көпір де көріне, сол сәтте Ерұлан аттың жылдамдығын бәсеңдетіп сарбаздардың арасынан өтіп, қала бастады.

– Сендер шаба беріңдер, тоқтамаңдар, мен бір нәрсені бітіруім керек, – деді ол, оның іс-әрекетін көріп тоқтамақ болған жауынгерлерге, бұл жолы Ерұлан мен оның сарбаздарының жүзінен батылдық байқалды, олардың қанаттанғаны соншалықты, кез келген әскермен соғысатын күйде болды.

Арада аз уақыт өте олар көпірге жақындап, өзеннің арғы бетінде биіктігі орташа тастан жасалған қоршаудың екі жағында садақтарын тартып тізіле орналасқан атты сарбаздар көрінді. Өзен айтарлықтай үлкен болған жоқ, көлденеңінен отыз қадамдай шығады, ал ағаштан жасалған көпірдің үлкендігі Ерұлан мен оның сарбаздарына жылдам өтіп кетуге ешқандай қиындық тудырмады. Олар жақындай келе Батыраға қолдарына байлаған ақ мата көрінді, бірақ олардың арасында Ерұлан көрінбегендіктен, оның санасын күдік жайлады.

– Мұнда Ерұлан жоқ қой, мүмкін біз күдіктенбесін деп олар да ақ мата байлап алған шығар, – деді де, сарбаздарға атуға бұйрық бермек болып еді, сол сәтте:

– Батыра, дайындал! – деген айқайлаған дауыс, келе жатқан топтың арасынан шықты.

Батыра Ерұланның дауысын естіп:

– Ух, – деп бойындағы күмәні сейілді, бірер сәттен кейін олардың артына түскен қуғыншылар да көрінді. Ерұлан мен сарбаздары көпірді сілкіндіре өтіп, артында қалған Ерұлан көпірдің үстіне жарылғыш қапшығын тастап кетті де, сарбаздарының артынан барып.

– Садақтарыңды дайындаңдар! – деп бұйрық берді, олар артынан жетіп келген қуғыншылардың жақын жерге жеткенін күтіп, олар көпірге жақындаған сәтте.

– Атыңдар, – деген Батыраның дауысы шықты, жүзге жуық жебе тар көшеге қарай ұшып, қарсыластарының алдыңғы шебін жайратып салды, осы сәтте жарылыс болып, көпір ортасынан қирай өзенге опырылып түсті.

– Оларға оқ жаудырып, мұнда тұрудың қажеті жоқ, тездетіп қақпаға барайық, біз кішкене уақыт ұттық деп ойлаймын, – деп Ерұлан алдыға қарай ұмтылды.

Мұндай жарылысты бұрын-соңды көрмеген Батыра:

– Ерұлан, сен қып-қызыл жындысың! – деп қуана оның соңынан ерді.

Өзеннің жанында үлкен үйдің бұрышында Сұлу отырған күйме алдыға қозғалып, оны сарбаздар қоршай барлығы қақпаға бет алды. Батыра Ерұланның жанына жақындай:

– Сендерде ешқандай шығын болмаған сияқты ғой, – деді ол басын артқа бұра.

– Жоқ, өкінішке орай, бірнеше сарбаз мерт болды.

– Түсінікті, ары қарай не істейміз, қақпадан қалай шығамыз? Көпірді жарғандай, оны да жарамыз ба? – деді Батыра Ерұланға.

– Иә, дәл таптың, – деді Ерұлан, оның жүзі мұңды болды, Батыра оны көріп.

– Не болды ? Қорқып тұрсың ба?

– Жоқ, ештеңе болған жоқ, тек мен осы жайтты түсімде көрдім, – деді Ерұлан.

– Иә, түсіңде көрсең не болыпты? Бәрімізде болатын жағдай. Ерұлан үндеместен назарын алдыға қарай алыста орналасқан қақпаға аударды. Оның көрген түсі өңінде болып жатқанына ол сене алған жоқ.

***

Барлығы үнсіз, тек жылқылардың тұяқтары мен пырылдап шыққан тынысы және сақырлаған жүгеннің дыбысы тыныштықты бұзды. Көшелердің шетінде оларға халық үйлердің арасынан сығалай қарады, бірақ ешкімнің көшеге шығуға дәті барған жоқ. Ерұлан оларға мұңды көзін тастай қақпаға шаба берді. Көп ұзамай олар тас жабылған қақпаға айтарлықтай жақындағанда, оның айналасында және қақпаның төбесіндегі сарбаздардың қалай садақтарын тартып, оларды көздеп жатқандығы Ерұланға анық көрінді.

– Қалқандарыңды дайындаңдар! – деп айқайлады. Барлығы қалқандарын төбесіне қойып, қарсыластарының шабуылын күтті.

Ерұлан қалқанының астынан оларға қарап келе жатты, сол сәтте оған «Атыңдар» деген дауыс естілді.

– Дайындалыңдар! – деп Ерұлан бұйрық берді. Суылдай ұшқан оқтар олардың қалқандарына тарсылдай тиді, кейбір оқтар жылқыларға тиіп, олар жерге домалай құлады, ал кейбір жолы болмаған сарбаздарға оқ тиіп, олар ажал құшты.

– Қазір екінші толқыны келеді, босаңсымаңдар! – деді Батыра.

Олар қақпаға жақындай берді, бірақ оларға қайта оқ атылған жоқ, құдды қарсыластары оларды ұмытып кеткендей, Ерұлан қалқанының астынан қақпаға қараған сәтте қақпа алдындағы сарбаздардың бір-бірімен шайқасып жатқандығы көрінді, ал ең қызығы, жабық қақпалар ашыла бастады.

Ерұлан қалқанын түсіріп, өз көзіне өзі сенбей, қақпаға анықтап қарады. Жоқ, олар шынында шайқасып жатыр, қақпа шынында ашылуда, ал біреу оларға «сыртқа шығыңдар» дегендей қолын былғады.

Ерұлан бір сәтке оларға күмәндана қарады, бірақ Қамшат қаласында болған сарбаздар арасындағы қақтығыс есіне түсіп, «олар да сол қақтығысқа қатысқан жауынгерлермен бір байланысы болар» деп іштей ойлап, сарбаздарымен қақпадан шығып, қала алдына күймені қоршай тоқтады.

Қақпа қайта жабыла, оларға қарай жүзге жуық сарбаз келді, олардың бірнешеуі Ерұланға қарай жақындады, үстеріне қаланың әскери киімін киген, жүздері суық, құдды олар баланы тартып алуға келе жатқандай.

– Бала сендерде ме? – деп сұрады.

– Оны қайтесің? – деп Батыра жауап қатып еді.

– Бала сендерде ме? – деп қайта сұрады.

– Иә, оны қайтейін деп едіңдер? – деді Ерұлан, әлгі адам артық сөз айтпастан:

– Оны бізге беріңдер, бізбен ол қауіпсіздікте болады, оны қайда апару керектігін білеміз, – деді Ерұланға суық жүзімен қарай.

– Сендер кімсіңдер? – деп олардың әңгімесіне Батыра араласты.

– Оны қайтесің, білгенмен, ол ештеңені өзгертпейді, уақытты созбай баланы беріңдер, қаладан шығып жатқан шуды естіп тұрған боларсыңдар, қазір мұнда одан да көп сарбаз келеді, – деді әлгі.

– Бала ешкімге берілмейді, егер сендер кім екендеріңді және бала сендерге неге керек екенін айтпайынша, – деді Ерұлан.

– Оны айтып отыратын уақыт жоқ, бермесеңдер күшпен аламыз, – деп ол қылышын суырып Ерұланға бағыттады.

Бейтаныс сарбаздар оларға садақтарын тартып, атуға дайын тұр, Ерұланның да сарбаздары қылыштары мен садақтарын сайлап, оларға кезеді. Екі жақта да бір сәтке тыныштық орнады, тек қаланың ішінде қақпаға қарай шауып келе жатқан аттардың дыбысы мен жауынгерлердің айқай-шуы ғана естілді. Сосын аяқ астынан:

– Ақымақтар! Не істеп тұрсыңдар? Қазір бір-бірімізге қару кезейтін уақыт емес, – деп біреу оларға жақындады, – мұнда кім басшы? – деді әлгі адам. Сарбаздар мен Батыра барлығы Ерұланға қарады. Ерұлан кішкене алдыға жүріп:

– Тыңдап тұрмын, – деп салмақты түрде сөйледі.

– Атың кім?

– Ерұлан.

– Ерұлан, баланы қайда алып барасыңдар?

– Жент қаласына.

– Онда сендерге көмектесетін кім бар?

– Менің әкемнің інісі, қала сұлтаны Нариман, – деген кезде.

– Олар жақындап қалды, – деп біреу қақпаның төбесінен айқайлады, шапқан жылқылардың шапқан дыбысы енді бүкіл қаладан естілді.

– Қақпаға жақындатушы болмаңдар, қанша болса сонша ұстаңдар, берілмеңдер! – деп айқайлады, сосын ол назарын Ерұланға қайта аударып: – Менің есімім Әли, Ерұлан бауырым, тыңда, менің ойымша, мына жерден біз тірі шықпайтын сияқтымыз, қашатын болсақ, олар бізге жетіп, баланы қолға түсіреді, сондықтан баланы біреу алып қашсын, ал біз осында қалып оларды қолымыздан келгенше ұстаймыз… – дегені сол еді, қақпаның төбесінен төмен қарай оқтар атылып, қабырғаның арғы жағынан шу естілді, осы сәтте Ерұланның құлақтары шыңылдай көрген түсі елестеді, ол бір сәтке көзін барынша жұмып, қайта ашты.

– Енді мені тыңда, Жент қаласына барған кезде әлгі Нариманға барушы болмаңдар, ол баланы ұстап береді, Жент қаласында біздің жолдастарымыз бар, олардың ішінен Еркін деген адамды тауып ал, ол саған ары қарай не істеу керектігін айтады… – дегені сол, қақпаның төбесінен қылыштардың бір-біріне соғылып, айқас басталғаны естілді, бірер сәттен кейін бірнеше адам қақпа төбесінен жерге құлады.

– Ей, тездетіңдер, олар қазір қақпаны бұзып өтеді! – деп біреу қақпаның үстінен айқай салғаны сол, оның арқасынан оқ тиіп, ол да жерге құлады.

– Міне, мынаны ал, – деп Әли Ерұланға Саһтирдің бойтұмарын берді, Ерұлан әлгіге көзі шарасынан шығып кететіндей қарап.

– Мұны қайдан алдың? – деді ол Әлиге жылдам басын көтере.

– Тірі қалсақ, мен саған бәрін айтып беремін, ал енді сәттілік, мен саған сенем, Ерұлан, айтпақшы мынаны Еркінге көрсеткен кезде, Әли беріп жіберді деп айтсаң болғаны, – деп артқа қарай бұрылып, – кәне жігіттер, көрсетейік оларға кім екенімізді және мұнда не үшін келгенімізді, – деп қақпаға атылды. Жылдам онда барып, барлығы қақпаны ұстауға кірісті.

Ерұлан Батыраға бұрылып, оған бойтұмарды ұсынып:

– Сен бала мен Сұлуды алып кет, Жентке жет те, Еркінді тап! Мынаны ал, Әли берді деп айтасың! – деді ол бойтұмарды ұсына.

– Ерұлан, жоқ, өзің бала мен Сұлуды алып кете бер, менің қолымнан бұл келмейді, – деп бас тартып еді.

– Көріп тұрсың ғой бізде уақыт жоқ, – деп оның қолына бойтұмарды ұстатып, алақанын қысты.

– Ерұлан, бірақ…

– Ешқандай бірақ емес, – деп атынан секіріп түсті. – Бала мен Сұлуды Батыс орманға қарай алып кет, тек орман арқылы ғана Жентке тез жетуге болады, жолмен жүретін болсаң, қолға түсуің анық.

– Ерұлан, ол жақтың қауіпті екенін білесің ғой…

– Бізде басқа таңдау жоқ, себебі қазір мұнда ханның он мыңдаған сарбазы келеді, сол себепті сен ашық жерде жүре алмайсың, менің айтқанымды тыңда.

– Жарайды, түсінікті, – деді ол басын жылдам изей. Бұл уақытта қала ішіндегі сарбаздар, қақпаны бұзғышпен соғып, қиратуға кірісті, қақпаны сырттағы сарбаздар жібермей ұстады.

Ерұлан жылдам күймеге жақындай бере одан аққан қанды байқады, оның зәресі қалмай, жүгіріп есікті ашты, күйме ішінде баласын құшақтап Сұлудың қансырап жатқан денесін көрді. Күймені тесіп өткен садақ оғы оны оң жақ көкірегіне тиген. Бұл көріністі көрген Ерұланның кеудесіне тістері бар қанжар қадап, оны ақырын қайта суырғандай күй кешті. Оның бойынан бір сәтке бар әлі кетіп қалғандай оның тізесі бүгіліп, жерге отыра жаздады, ол келген жасын ұстай алмай, ыстық тамшы көзінен ақты.

– Жо-жо-жоқ, Сұлу, жоқ! – деп ішіне кірді де, Сұлудың иығынан ұстап, оның жүзіне қарады. Ерұланға Сұлудың қиналып тыныс алып жатқандығы естілді.

– Ерұлан… – деп сыбырлады, – баланы ал… – деп оған сәбиді созды, – оған қамқорлық жаса, өкінішке орай мен сендермен бірге бола алмайтын сияқтымын, – деді ол.

Сұлу дірілдеген қолын созып, оның жүзіне қойды. Ерұланға оның қолының суықтығы сезілді.

– Жылама, саған жылаған жараспайды… – деді, Ерұланның ыстық жасы Сұлудың жүзіне тамды, ол барынша тістеніп, дыбыс шығармауға тырысқанымен, еріксіз қайғырған үні естілді, – берік бол… сен бәрін еңсересің… бастысы баланы аман алып қал, ол сенің қолыңнан келеді, мен саған сенемін… – сол сәтте Сұлудың қолы жерге құлап, тынысы тоқтады – бұл Сұлудың ең соңғы сөзі болатын.

– Жо-жоқ, Сұлу! – деп Ерұлан оны құшағына басып, қайта жіберді де, анасының қанына малынған баласын оның жансыз қолдарынан ақырын алып, сыртқа шықты.

– Не болып жатыр? – деп келген Батыра күйменің ішіндегі көріністі көріп жерге тізерлей отырды, ол да көзіне келген еріксіз жасты ұстай алған жоқ, тіпті ұстауға да тырыспады.

– Батыра, енді баланың әкесі де, шешесі де сенсің, оған жақсылап қара, сен маған жақсы дос болдың, енді балама жақсы әке болады деген ойдамын, оны өзің сияқты батыл етіп өсір, – деп баланы созды, – жоқ деп айтушы болма, Батыра мен мұндай ауыртпалықпен өмір сүре алмаймын, мына жайт мені ішімнен өлтіріп барады, сен менің қазір қандай жағдайда екенімді елестете алмайсың… – деп кішкене кідірді, оның көздерінен жас шығуын доғарар емес, сондықтан сенен өтінемін баланы алып кет, сенен басқа ешкімнің қолынан келмейді, – деді басын шайқай.

Батыра баланы ақырын қолына алып, оның жүзіне қарады, тыныш ұйықтап жатқан баланың бетінде қан тамшылары қатты. Ерұлан да бір сәтке баласына үңіліп, белбауындағы қанжарын, оның үстіне қойды:

– Есейгенде берерсің және күйменің ішіндегі заттарды алып кет, сен осының барлығының артында не жатқанын анықтауың керек және мына былықтың барлығын тоқтат, мен жете алмаған, аяқтай алмаған істі енді сен соңына жеткізесің, менің және басқаларының өлімі бекер болмасын, берілме, – деді ол Батыраның иығына қолын қоя, – ал енді сәттілік, шап! Сен Батыс орман арқылы Жент қаласына барасың, далада жүрсең сені қолға түсіреді, – деді ол.

– Бірақ орман қауіпті екенін білесің ғой.

– Бізде басқа таңдау жоқ… – деп ол басын шайқады, – Батыра басқа таңдау қалмады, тек осылай ғана құтылуға мүмкіндік бар, оның үстіне Қамшат қаласында дүниеге келген сәбиді құтқарған сілеусіндер сонда кеткен… – деген сәтте, қақпаға бұзғының ауыр соққысы келіп тиді де, бір шеті жарылды, – жылдам қаш!.. Тоқтаусыз шап!… Тоқтама!.. Тоқтаушы болма! – деп онымен құшақтаса қоштасып, артқа бұрылып, – кәне жігіттер, соңымнан еріңдер, – деп қақпаны ұстап тұрған сарбаздарға, өз адамдарын ерте көмекке кетіп бара жатып, Батыраға:

– Мойныңа ауыртпалықты салғаным үшін кешір, досым, – деді. Атты сарбаздар жылқыларын жіберіп, қақпаға ұмтылды.

– Саған да сәттілік, – деп Батыра оның артында қалды.

Батыра жылдам матаға оралған баланы алдына байлап, қанмен былғанған күймедегі Ерұлан айтқан қапшықтарды, жылқының үстіне жайғастырды да, қақпа алдында болып жатқан қақтығысқа бір қарап, оңтүстік-батысқа беттеп, сосын қайта оңтүстікке жол тартты, оған Ерұлан айтса да, Батыра Жент қаласына жол арқылы баруды шешті.

Қақпа алдында нағыз соғыс басталды, ішінде сыртқа ұмтылған мыңдаған сарбаз қақпаны соқты, олар жан-жақтан қабырғалардың төбесіне мініп, үстіндегі қарсыластарының көзін құртып, төбеден төмен қарай қақпаны ұстаған сарбаздарға оқ жаудыртты, тіпті көз жұмған қарсыластарының денелерін төмен лақтырудан тайынған жоқ.

– Қалқандарыңды көтеріңдер, – деп айқайлады Ерұлан. – Оларды бұлай ұзақ уақыт ұстап тұра алмайтын сияқтымыз, іштегілерді қайта қалаға қарай ығыстырып, қақпаның дәл астына тұрып алғанымыз абзал – сонда олар бізге төбеден оқ атуын тоқтатады, кәне сап түзеп, оларды сыртқа жіберейік, – деді Ерұлан Әлиге.

– Жігіттер, менің бұйрығыммен қақпаны жіберіп, кірпі шебіне құрыңдар, – деді Әли. Олар қақпаны кішкене ұстағаннан кейін.

– Сап! – деп айқайлаған Әлидің дауысы естілді, қақпаны ұстаған сарбаздар бірден оны жіберіп, қалқандарын алдыға тосты да, найзаларын қарсыластарына созып, артқа қарай шегінді, ал олардың артындағы садақшылар садақтарын тартып, қақпаны бұзып шыққан қарсыластарына оқ жаудырды. Ерұлан қала ішіне көзі түскен кезде, қақпаға қарай шұбыра келе жатқан жауды көрді, ал олардың соңында Дат тұрды.

– Алдыға қарай қысыңдар, жоғарыдағылардың көзін құртыңдар! – деді Әли.

Оның сарбаздары төбедегі қарсыластарына жебелерін жаудырып, оларды төмен қарай құлатты, қақпа алды жіңішке болғандықтан, қала ішіндегілердің барлығы бірдей оларға шабуыл жасай алмады, оларды қалаға қайта ығыстырып, қақпаның ортасынан орын тепті: ішке, сыртқа және қақпаның төбесіне жол бермей, қарсыластарының көптігіне қарамастан, оларды ұстады. Соғысуға өте ыңғайлы орын – Ерұлан мен Әлидің сарбаздарына аз шығын болып, ұзақ тұруына көмектесті, сандарының аздығына қарамастан, қарсыластарын қаладан тапжылтпай ұстады.

Бұл уақытта Батыра оңтүстік-батысқа қарай беттеді, айнала тек жазық дала және Бұлақты қаласына апартын шаңды жол ғана, алайда ол өте алыстан қалаға қарай келе жатқан әскердің қарасын көрді, оның дәл алдында бес-алты шақырым жерде Батыраға қарай тағы да мыңға жуық атты сарбаз келе жатты, ол не істерін білмей жылқысын тоқтатып, қалаға қарай басын бұрды, қаладан алыстап кеткенімен, шайқастың дауысы оның құлақтарына айқын естілді. «Мұнда, тор ішіне түскен балық сияқтымын, маған бір жабық орын табу керек, даланың кез келген жерінен мені көріп, ұстау оңай» деп ойлады. «Бірақ қайда? Қайда қашамын?» деп батыс жақтан өте алыстағы ағашқа көзі түсті.

– Ерұлан дұрыс айтыпты, маған Батыс орманнан басқа баратын жер жоқ, бізде басқа амал жоқ сияқты, балақай, – деп алдында тыныш ұйықтап жатқан балаға қарап сөйлеп, Батыс орманға қарай шаба жөнелді.

Ал қаладағы шайқас әлі жалғасуда, алайда Ерұлан мен басқалары ыңғайлы орнына қарамастан, олар саны көп жауды алдында ұтыла бастады.

– Олар адам емес, қырыңдар, қырыңдар! – деп Әли айқай салды.

– Қалайша, адам емес? – деп сұрады Ерұлан.

– Саған олар адам болып көрініп тұрған шығар, бірақ шын мәнінде олар адам емес, дәрігерлер мен сарбаздарды ханның сиқыршылары қара сиқырды қолданып жасаған, сондықтан олар адам емес, бірақ біз ханның нағыз сарбаздарымен шайқасқа түспегенімізге қуан, мыналардың орнында солар болатын болса, біздің шаруамыз бітті дей бер, себебі оларды өлтіру мүмкін емес, – деді Әли. Шайқас арасында Ерұлан Әлиге сұрақ та қойып үлгеріп жатты.

– Неге олар бірден әлгі сарбаздарды жібермеген? – деп сұрады.

– Себебі оларды тек бір жағдайда жібереді, жауды толықтай қыру үшін ғана, хан елдегі халықтың күдігін тудыртпас үшін адамға ұқсас сарбаздарын жіберді, оларды адам сияқты жүріп-тұруға үйрету оңай, ал әлгілер… олар адам иеленген түйсіктен жұрдай, сондықтан халық арасында олар жүре алмайды, – деп айтқаны сол еді, Әлидің сол жақ көкірегіне қаңғып келген оқ тиіп, жерге сұлап түсті.

– Әли… – деп айқайлады Ерұлан.

– Мені жайыма қалдыр, сарбаздарды баста, мына сұмырайларды қала сыртына жіберуші болма, – деп ыңырси сөйледі де, кеудесіндегі оқты түбінен сындырып, қайта орнынантұрды .

– Олар біздің жанымызды алу үшін келіп тұр, көрсетейік біздің жанымызды алу оларға қанша тұратынын, берілмеңдер! – деп Әли сарбаздарын рухтандырды.

Тарсылдаған қалқандар, бір-біріне шиқылдай соғылған қылыштар және айқайлаған дауыстар қала қақпасының алдында соңғы бір сағат бойы естілді. Ерұланның сарбаздарының саны азая бастады, ал қарсыластары құдды бітпейтіндей көрінді, оның үстіне аяқасты қайдан келгені белгіз, мыңға жуық сарбаз олардың артынан соққы жасады. Бұл жайт олардың рухын түсіріп, тездетіп жеңілуіне бір қадам жақындата түсті. Ерұланның сарбаздары азайған сайын, олардың көзін құрту оңайға түсті, ал енді міне қақпаны қорғап, Ерұлан және Әлимен бірге оншақты жауынгер ғана қалды. Қақпаның жан-жағы жансыз денелер мен қанға малынды, әбден жарақаттанып, шаршаған Ерұлан кез келген сәтте қаруын тастай салғысы келді, бірақ оны бойындағы ашуы тізе бүккізген жоқ.

–  Ерұланды өлтіруші болмаңдар, оның шаруасын өзім тындырамын! – деп Дат жарақаттанған иығын ұстай, сарбаздарының арасынан қақпаға қарай жақындап: – Тоқтаңдар! – деп айқайлады.

Мыңдаған сарбаз екі жақтан Ерұлан мен оның он шақты адамын қоршады, олар ентіге дем алып аяқтарында әрең тұр, ал тілініп кесілген жарақаттарының ауырсынғанын, дене қызуынан арқасын да сезген жоқ, қарсыластары тоқтағанымен, оларға садақ оқтарын бағыттады, Дат сарбаздарының арасынан сытыла шығып:

– Осы жерде берілгендерің жөн болар, – деді ол.

– Одан да өлген артық, – деп жауап қатты Ерұлан ызаға толы даусымен. – Сен не деген аяныштысың, тек сарбаздарыңның көлеңкесінде тығылып жүретін қорқақсың, олармен бірге бір сапта тұрып шайқаспайсың… мен саған айтар ештеңем жоқ,– деп Ерұлан қолындағы семсерін екі қолдап қысып ұстап, жауларына қарай бағыттады. Оның тілім-тілім болған қолынан қан мен тер араласа тамды, ал оның жүзіне шашыраған қаннан бетінің ашық жері қалмаған. – Сендер сияқты жаужүрек жауынгерлермен бір сапта тұрып шайқасқан мен үшін үлкен мәртебе, – деді ол жанындағы сарбаздарына:

– Мен үшін сен сияқты батыр жауынгермен бір сапта өлу мәртебе! – деді Әли.

– Алға! – деп олар айқайлап, Датқа қарай қылыштарын сермеп жүгіргені сол еді, жан-жақтан атылған садақ оқтары оларды күтіп алды, Ерұлан иығынан, сан тұсынан және оң жақ қабырғасынан жарақат алып жерге отырды, Әли мен басқа сарбаздар жарақаттарынан сол жерде көз жұмды. Ерұлан денесіне қадалған садақ оқтарын сыдырып орнынан тұрды, алдында тұрған сарбаздар оны қайта атпаққа оқталды, бірақ Дат оларға садақтарын түсіруді бұйырып, Ерұланға қарай ақырын жүрді.

Ерұлан әрбір сәттен есін жоғалтты; дем алуы барған сайын қиындап, көзі қарауытты, оған Даттың келе жатқаны бұлдырлаған көлеңке болып қана көрінді, шамасы қалмаған соң қолындағы семсерін жерге тіреп, тізерлеп отырды. Ерұлан көрген түсі енді өңінде қайталанды: айналасында сарбаздардың жансыз денелері, ал қарсы алдында оны қоршаған жүздеген қарсыласы бұлыңғыр көлеңке болып көрінді.

Оның жанына Дат келіп тура алдына отырып, жарақаттанған қолын Ерұланның желкесіне қойып:

– Мен саған айттым ғой барлығы дұрыс кезде тоқта деп, ал енді міне, сенде ештеңе қалмады, сен барлығынан айырылдың, тіпті өзіңнің өміріңнен де! Сенің шаруаңды тындырғаннан кейін мен сенің балаңның соңынан барып, оны қолға түсіремін, ал бұл нені білідіреді – бұл сенің істеген барлық іс-әрекетің босқа кетті деген сөз: отбасыңнан, абыройыңнан және бар байлығыңнан айрылдың, – деді де, белбауында тұрған кішкентай қанжарын алып, оны Ерұланның кеудесіне сұғып алды.

– Ыыы, – деген ыңырсыған дауысы шығып, ол тырмыса Даттың қолынан ұстап, оның құлағына жақындады, – сенің қолыңнан ештеңе келмейді… айналаңа қара… біз сендерді ақылмен жеңдік, сен ешқашан менің баламды қолға түсірмейсің, ешқашан… – деп қан тамшылары аққан қолы төмен салбырап түсті де, оның басы Даттың иығына құлады. Осылайша Ерұлан қаза тапты.

Дат оның жансыз денесін алдыға итеріп құлатты: ол Ерұланның жүзіне қараған кезде, оның күлімдеп қаза тапқанын көрді, бұл көріністі көріп, Дат жеңе тұрса да, өзін жеңіліс тапқан адам сияқты сезінді, айналасына қараған сәтте, қарсыластарына қарағанда алты есе көп шығын болғанын түсінді. Ол жерге отырып, кішкене алқымын басты.

– Енді біз баланы қайтару керекпіз, оның қайда кеткенін кім біледі? – деді ол, сол сәтте қақпа үстінен:

– Шайқас барысында біреу Батыс орманға қарай қашты, – деді жауынгер.

– Батыс орман! – деп Дат қайталады, – сенімдісің бе?

– Иә!

– Оны біз орманға кірмей жатып қолға түсіруіміз керек, егер онда кіретін болса, баланы тірілей алуымыз екі талай, – деп Дат орнынан тұрып, қолындағы қан болған пышақты, жанындағы сарбаздың үстіне сүртті де, қынабына қайта салды.

– Маған мінерге жылқы алып келіңдер! – деп бұйрық берді, сол сәтте алдындағы сарбаз жылқысынан атып түсті де, Датқа ұсынды. Ол жылқыға отырып алған соң сарбаздарына: – Жылдам аттарыңа қоныңдар, мұнымен біздің жұмысымыз біткен жоқ, – деп мерт болған жауынгерлердің үстімен жүріп өтіп қаладан шықты, ал оның артынан сарбаздары жердегі жансыз денелерді бір шетке жинап, олар да қаланы босатты.

Бұл уақытта Батыра біраз жерге ұзап кеткен еді, бірақ Батыс орманға жету екі күндік уақытты алады.

ҮШІНШІ БӨЛІМ. БАТЫС ОРМАН

Батыра алды-артына қарамастан шаба берді, оның бойын торуылдаған үрей санасын бір сәтке тыныш қалдырған жоқ, селкілдей шапқан ат Батыраның кеудесіндегі баланы оятып, ол шырылдап жылай бастады.

– Не болды, балақай, қорқып жатсың ба? Қорықпа, барлығы дұрыс болады, барлығы дұрыс болады.

Ол дөң-саймен шаба орманға қарай беттей берді, ал артында қалған үлкен қала көзден таса болып, Бұрат тауының төбесі ғана аздап байқалды. Оның тынысы тарылып, әлем астан-кестең болғандай күй кешті, кеше ғана тыныш өмірі бүгін аласапыран күйге түсті – ең жақын досынан айрылып, енді денесінде таңбасы бар сәбимен, әлемдегі ең қауіпті орманға қашуда, тіпті таңбаның не екенін де білмейді. Одан әрі не болады? Не істейді? Орманнан тірі шығам ба деген ой оны іштей жеді, дәл осы сәтте Батыр өзін бүкіл әлем оған қарсы шығып, қараңғы түнекте жалғыз, ешқандай жарықсыз қалғандай сезінді. Бес сағат тоқтаусыз шапқаннан кейін Батыраның аты шаршап, шамасын жоғалта бастады, ол атты ақырын жорғалатып жүргізе суытты. Айналасы жап-жасыл кілем жауған, дөңді-сайлы дала ғана, бірде-бір жануар немесе құс көрінер емес.

– Сені аздап тынықтыру керек, – деп мұрнының астынан сөйлеп, тоқтады да, аттан түсті, ал сәби аттан түскеннен кейін қайта жылай бастады. – Қарның ашқан болар, бірақ мен саған ештеңе бере алмаймын, балақай, – деп ол белбауындағы су есіне түсіп. – Мүмкін су берсем, кішкене болса сені жұбатар, – деді де, сәбидің аузына ақырын тамшылатып су құйды, бала тынышталғандай болды.

Батыраның ұзақ жолдан шаршап, ат үстінде көп отырғандықтан денесі ауырды, оның салмағы өзіне бірнеше есе ауыр болып кеткендей сезілді, оның үстіне киген сауыты да қозғалуға біршама қиындық туғызды, терлеп, тері қатып, дала жылы болса да, соққан жел оны жауратты.

«Неге? Неге ханға бұл балалар керек? Неге барлығы осыларға қол жеткізгісі келеді?» деп іштей ойлады. Ол сәбидің жүзінде қатқан қанды, су тамшылатып сүртті, сосын оны жерге жатқызып, матасынан ақырын шешті де, сәбиді бір қапталына жақызып, арқасында сол жақ жауырынында орналасқан таңбаға қарады. Жасыл түсті таңба баланың жауырынын толықтай алды. Басы сопақтау келген, сояудай тістері жартылай ашылған аузынан шыққан, айдаһарға ұқсас жануар бейнеленді. Батыра оны сипап:

– Бұл нені білдіреді екен? – деп өз алдына сөйлеп, кітап пен мүйізді бас сүйекті алып, екеуін алында қойып, олардан көз алмай қарады.

Батыра бас сүйекке қараған сайын, оның үңірейген көздері құдды зұлым күш пен үрей таратып тұрғандай. Ол кітапты қолына алып, оның сыртына көз жүгіртті, сыртында алты таңба – алты түрлі жануардың бейнелері екі қатар болып бейнеленді. Батыра олардың бірін де бұрын-соңды көрген емес, ал ең соңғы орналасқан таңба сәбидің арқасындағыдан еш айырмашылығы жоқ, сонымен қатар кітаптың ең төбесінде, таңбалардың үстінде Батыраға бейтаныс тілде жазылған үш сөз тұрды, ол мүлде сөздерді түсінген жоқ, тіпті алғаш көруі.

Батыра бос кітапты ары-бері бірнеше рет ақтарып шықты, бірақ ішінде ештеңе жоқ, тек ақшыл сары парақтардан тұратын қалың кітап, сосын ол заттардың барлығын жинап, қоржынға қайта салды.

Баланың таңбасына кішкене көз тіге, оны матаға қайта орап, кеудесіне байлап алды. Оның бойын бұрыңғыдай қорқыныш билеген жоқ, қазір ол тынышталып, болған жайтпен келіскендей. Аспан ашық, тек бірнеше мақтаға ұқсас бұлттар қалқып жүрді, анда-санда олардың көлеңкесі Батыраға түсті.

– Бізге артқа шегінуге жол жоқ, біз сор батпаққа белшемізден батқан сияқтымыз, ал одан шығуға көмектесетін қазір ешкім табылмас, өзімізді-өзіміз құтқаруға тура келеді, – деп ұйқыдағы сәбиге сөйлеп, орнынан тұра жылқысына жайғасып, артына бір көз тастап, жолды жалғастырды.

***

Бұл уақытта қаладан Дат пен әскерлері оны өкшелей келе жатты.

–  Жан-жаққа шашырып жүріңдер, сонда оны байқау оңайға түседі, егер көретін болсаңдар, бірден дабыл беріңдер, – деп Дат айқайлады. Қала ішіндегі шайқас Датқа көп шығын болды, ол сарбаздарының жартысынан айырылып, мыңға жуық жауынгері қалды. Олар бірнеше шақырымға жайыла орманға қарай беттеді.

Күн тас төбеден ауды, Батыра атты тез шаршамас үшін бұрынғыдай қатты шапқан жоқ. Ал енді «Ерұлан мен басқаларына не болды? Олар тірі ме? Өлі ме? Әлде тұтқынға түсті ма екен?» деген сұрақтар оның санасын торуылдады. Алдыға жүрген сайын, тек төбесі ғана көрінген алып ағаштың, енді көкжиектен жан-жаққа созылған бұтақтары да байқалды, ал артында қалған алып тау ақырындап кішірейе берді.

Батыра кеш батып, түн ортасына дейін тоқтаусыз жол жүрді, ал сәби жол бойы бір жылап, бір ұйқыға кетіп, кейде тыпыршумен болды. Батыраның бойын ұйқы басып, жорғалай шапқан ат үстінде ол қисаңдай маужырап, жүген мен үзеңгінің қоңыраулы үніне мән бермей, кейде қалғып та алды, тек астындағы ат анда-санда сүрінген кезде, селк етіп оянды.

Түн ортасына жақындағанда, олардың алдынан сайда өзен кезікті, оның жағасын қиыршық тастар көмкерілген, ал өзенде мөлдір таза су, жартысынан кішкене асып толған ай сәулесін шағылыстыра ақты. Батыра жылдам атынан түсіп, оны өзеннің жанындағы шөпке байлай, суға жүгірді, ол кеудесіндегі баланы мүлде ұмытып кетті, өзеннен суды алақанымен алып іше бастаған кезде, баланың бетіне су тиіп, ол шырылдап жылай бастады:

– Құдайым-ай, – деп орнынан қайта тұрып, баланың бетін көйлек жеңімен сүрте, оны әлдейлей жұбатып, өзен жағасынан алыстау жерге жатқызды.

Батыра жақсылап су ішіп, беті-қолын жуғаннан кейін, суық сумен мойнын ысқылып байлаулы тұрған атына қарады, әлгі жылқы аққан суға қарап, еріндерін жыбырлатумен болды.

– Саған әлі ішуге болмайды, досым, ауырып қаласың, кішкене күт, – деп жылқысына сөйледі. – «Бүгін түнде осында қонатын сияқтымыз, түнде жүру қауіпті, бірақ артымнан да қауіп келе жатқаны сөзсіз, дегенмен оларға да тынығу керек», – деп ол өзіне сөйлей, жан-жағына қарады. Айнала тыныш, ешқандай жануар немесе басқа да тіршілік иелері байқалған жоқ, ол от жағуға болмайды деп шешіп, қылышын қынабынан суырып, жанына қойды да, баланы қасына алып, шөп үстіне жатты, ал жылқысы жақын жерде жайылды.

Батыра шаршағанына қарамастан біраз уақытқа дейін көз іле алған жоқ, оның санасын жайлаған уайым, оған ұйықтауға мұрсат бермеді, «Енді не істеймін? Қайда барамын, бізбен не болмақ? Қарғыс атқыр!» деп іштей ойлады, бұл оқиғаның бәрі оған бір қорқынышты түстей болып көрінді, тіпті ол оянуға да тырысып көрді, бірақ ештеңе шыққан жоқ…

Ол Ерұлан мен Сұлудың және басқа да жүздеген сарбаздың мерт болғанына сене алмай отыр, бұл шындықты қабылдау оған тым ауыр соқты. Өзі сеніп, әділ деп жүрген билеушілер нағыз жауыз болып шыққанына сене алар емес. Осы уақытқа дейін ол өзінің жалған әлемде өмір сүргенін, ұйқыдан жаңа ғана оянғанын, бұл әлем ол ойлағандай керемет әрі қауіпсіз емес екенін түсінгендей. Батыра бұрын-соңды өзін бұлай қауқарсыз сезінген емес. Ол өзінің осыған дейінгі іс-әрекеті болмашы дүние екенін аңғарды, осыған дейін ол тек жоғарыдан берілген бұйрықтарды орындап қана жүргенін түсінді, енді нағыз шешімді қазір өзі қабылдап, ары қарай не істеу керектігін өзі шешетін сәт туғанын түсінді. Батыра орнынан ұшып тұрды да, жанында жатқан сәбиге көз тастады.

– Енді менің ғана емес, сенің де тағдырың менің қолымда сияқты, балақай, – деді ол сыбырлай. – Мен мұны жай бұлай қалдырмаймын, мен мұның артында не жатқанын қалайда болмасын табамын, – деп ол өз алдына сөйледі және әрбір сөзді айтқан сайын оның даусы күшейе түсті, олардың өмірі бекер кеткен жоқ, олар өмірін бекерге құрбан еткен жоқ, мен берілуден бас тартамын… Осы сөздерді айта оның бойын ерекше сезім – үміт кернегендей.

***

Бұл уақытта оларға қарай мыңдаған сарбаз бен Дат беттеді. Ол Батырадан бірнеше сағаттық жерде еді, олардың да мінген жылқылары шаршап, жауынгерлерін де шаршау шалғандай. Дат тоқтады да:

– Оларды түн ортасында іздеп таба алмаймыз, байқамай өткізіп алуымыз мүмкін, оның үстіне түнде жүру қауіпті, Құдай біледі жолда не кезіктіруіміз мүмкін, сондықан түнгі кезекшілікке тұрыңдар, әрбір екі сағат сайын ауысасыңдар, егер бірнәрсе дұрыс болмаса, сендер не істеу керектігін білесіңдер, ал қалғандарың тынығып алыңдар, төрт сағаттан кейін қайта жолға шығамыз. Оның осы маңайда екенін мен сезіп тұрмын, – деп айналаға көзін сығырайта қарады, ай толық болмағандықтан, оның сәулесі даланы толық айқын еткен жоқ, тек бұлыңғыр етіп көрсетті.

Датқа осы уақытқа дейін ат үстінде жүру үлкен қиындық туғызды, жылқысы селкілдеп шапқан сайын, оның жарақаттанған иығы ауырып, маза бермеді, оның үстіне өзін ол жайсыз сезінді. Ал Даттың сарбаздары: бірі дөңде, екіншісі сайға жайғасып, жылқыларын байлауға ыңғайлы, кішгірім далада өскен ағаштар мен шөптерге бекемдеді. Барлығын аштық қысты, кейбіреулері ашқарынға ұйықтай алмай, ары-бері аунап, біраз жатты, ал кейбіреулері көздерінің қалай жұмылғанын байқамады.

Елуге жуық сарбаз кезекшілікте болды, олар уақытша қонысты қоршауға алып, екі-екіден бірігіп оны қарауылдады. Дат сарбаздарынан алшақтау жерге кішігірім қырдың төбесіне жайғасты, оны ешқандай аштық мазалаған жоқ, оның санасында тек баланы қолға түсірсем деген ой болды. Сауытын шешіп, жарақатына қарады, жарақаты басбармақтың көлеміндей, бірақ терең емес сияқты, ол белбауындағы кішкентай ыдысқа салынған жақпамайды, жарақатына жаға, оны кішігірім матамен таңды. Сауыты мен қылышын жанына тастап, атын сарбаздар сияқты байлап әуреленген жоқ, жай ғана жүгеннің бауын егарға ілді де, жібере салды. Арқасына шалқая жатып, аспанға қарай ақырын ұйқыға кетті.

Дат пен оның сарбаздары үшін түн ешқандай келеңсіздіктерімен мазалаған жоқ, ал Батыраға келер болсақ, сәби оны көп жылап мазаламады, тек бірнеше рет түнде жылап оны оятты, әрбір оянған сайын, ол бірден қолын қылышына созды, тұрып баланы әлдейлей қайта ұйықтата, айналаға бір көз жүгірте қайта жатты, бірақ таң ата кішкене суытып, оның бойы тоңды, өзі тоңса да, үстіндегі киімін шешіп, баланы орады.

***

Сарбаздар күннің алғаш сәулесі түсе, аттарына қонды, бірақ жауынгерлер Датты таппады, себебі олардан алшақтау ұйықтағанның кесірінен оны ешкім байқаған жоқ, тек арадан кішкене уақыт өткеннен кейін ғана Дат сарбаздарының айқайынан оянды. Ол қарапайым адам болғандықтан, қара сиқырмен жасалған сарбаздарына қарағанда көбірек ұйқы қажет етті.

Ояна салысымен сауытын киіп, өзінен бірнеше қадам жерде жайылған жылқысына мінді де, сарбаздарына қарай шапты. Оларға жақындап:

– Қашқынның ешқандай ізі байқалмай ма? – деп сұрады сауытын ыңғайлай.

– Иә, оның қалың шөпте, Батыс орманға қарай кеткені көрініп тұр, алайда оның қарасы көрінбейді, – деп жауап қатты сарбаздардың бірі.

– Мейлі, бәрібір біз оны қолға түсіреміз, жазық далада ол тордағы тышқан сияқты, менің ойымша біз әлі оны көретіндей оған жақындаған жоқпыз, соңымнан еріңдер, кешегідей жан-жаққа жайыла жүреміз, солай оны табу оңайға соғады, – деп барлығы бірнеше шақырымға жайыла, Батыс орманға бағыт ұстады.

Олардың түнімен жайылып, тыныққан жылқылары алдыға қарай атыла шапты, бірақ су ішпегеніне бір күндей болғандықтан, жануарлар барынша жылдам шабуға шамалары келмеді.

Күн толықтай көкжиектен көтерілген жоқ, алайда арадан аз уақыт өтіп, сарбаздар Батыраның жатқан орнына жақындады. Олар дөңді-сайлы аймақтың шетіне жетті, осы аймақта өзеннің жанында Батыра түнеді, Дат созылып аққан өзенге қарап:

– Оны біз осы аймақта табатын сияқтымыз, анау өзенді көрдіңдер ме? Соның маңайында түнеуі мүмкін, сондықтан бойын жақсылап қараңдар! Ештеңені көзден таса қылмаңдар! Түнде от жағуы да ғажап емес, соған орай кез келген із тапсаңдар маған хабар беріңдер, – деп бұйрық берді.

Баланы құшағына алып, Батыра тыныш ұйқыда жатқан кезде, қарсыластары оны іздеп, алқапта торуылдады, оның шаршағандығы соншалықты, ояну керектігін түсінсе де, оянуға асыққан жоқ.

Осы сәтте Дат пен оның сарбаздары оған жақындағаны соншалықты, егер ол сайда жатпағанда, әлдеқашан оны тауып алар еді. Батыраны осынау тәтті ұйқысынан жер дірілдете шапқан жылқылардың дыбысы оятты.

– Жо-жоқ, жо-жо-жоқ, ақымақ, неге сонша ұйықтап қалғансың! – деп өзін ұрса, ақырын сайдан дөңге қарай ешкім көрмес үшін жорғалап шықты, сол сәтте оған жүздеген сарбаз көрінді, оның зәре құты қалмай, – жетпегені осы еді, жарайсың Батыра, тағы да ұйықтауың керек еді! – деп ол өзін жазғырды.

Орнынан атып тұра, шатқалақтай атына жүгірді, қопалдығының кесірінен ол баланы басып кетуге шақ қалды. Баланы жылдам асынып, өзеннен бос торсығына су толтырды. Жылқысын асыға ерттеп, оған жайғасып, жан-жағына көз жүгірте, қарсыластарына көрінбейтіндей; сытылып кете алатын ыңғайлы бағытты іздеді. Алдында созыла жатқан сай соңына қарай екіге бөлінді, атын қамшылап барынша қатты шауып сайдың екіге бөлінген жеріне келді, оң жақтағысы бірден жазық далаға апарды, сол жақтағысын таңдап барынша сайда жүруге тырысқанымен, кішкене шапқаннан кейін Батыра дөңге шықты. Енді ол қарсыластарына айқын көрінді, бірақ оны шыға салысымен ешкім байқамаған сияқты, әлі ешкім оның артынан қуған жоқ, алайда бұл ұзаққа созылмады: бірер сәттен кейін, оны Даттың сарбаздары байқады да:

– Мынау сол, кәне дабыл бер! Жылдам! – деп олардың бірі жолдасына айқайлады, сарбаз мүйізді үрледі, мүйізден шыққан дыбыс жазық даладағы барлығына естіліп, назарлары сонда ауды.

Дат пен барлық сарбаздар жер дірілдетті, мүйіздің дыбысы шыққан жаққа қарай ұйытқи жөнелді, құдды аламан бәйгеде жарысқандай. Батыра әлгіні ести сала басын бұрып иығының үстінен артына қарап, орманға шаба жөнелді, тынығып, су ішіп алған жылқысы ширақ әрі жылдам шапты, қарсыластарына қарағанда әлдеқайда жылдам. Батыра жылқысын қамшылап алдыға ұмтыла салысымен, кеудесіндегі сәби шырылдап жылады.

– Саған тыныштық бермедім-ау, оның үстіне қарның әбден ашқан болар, тек су не болар дейсің, шыдай тұр, балақай, мен саған мыналардан қашып құтылғаннан кейін, бірдеңе тауып берермін, – деді. Оның соңынан мыңдаған тұяқ қуды, Дат сарбаздарына:

– Барлығың бірден қумаңдар, екіге бөлініп, жартың осында қалып жылқыларыңды суарыңдар! Әйтпесе біз ұзаққа бармаймыз… – деп ол бұйрық берді, оның сарбаздарының жартысы қалып, қалған бөлігі Батыраның ізіне түсті.

Олар Батырадан қалып бара жатқандарын түсінгенімен, тоқтап шөл қысқан жылқыларын суаруға асыққан жоқ, керісінше оларды қамшылай түсті, сайға түсіп өзен суын кешіп өте, дөңге көтеріліп, жазық далаға шықты. Жылқылар су ішпегендіктен, олар баяу қозғалды – құдды әлдері құрығандай.

Арадана аз уақыт өтіп, Батыра олардан біраз алыстап кетті, оның алдында тек жазық дала, ал даланың соңында үлкен ағаштың діңі көрінді.

– Қарғыс атқыр! Оны тағыда көзден таса қылып алдық, мыналар әбден шөлдеген, бәрібір біз оған мына жылқылармен жетуіміз екі талай, – деп Дат шабысын бәсеңдетті.

Сарбаздар тоқтап, артқа бұрылды, бірер сәттен кейін жылқыларды суарып келген сарбаздардың тобымен кезігіп, Дат бір сарбаздың жылқысын алды.

***

Батыра алты сағат бойы тоқтаусыз жорғақтады, осы уақыт бойы ол артына жалтақтай қайта-қайта қарап, қуғыншылардың жоқтығына көз жеткізіп отырды, олардың қалып кеткенін түсініп, оның көңілі орнына түсті, алайда Батыра олардың оңайлыққа қалмайтынын түсінді. Оның үрейі басылып, сабасына түскенімен, ол өзін мазасыз сезінді. Батыра Батыс орманға жақындай түсті, жылқыны ұзақ әрі тоқтаусыз қозғалыстан кейін демалысқа зәру болды. Ол тоқтап, оны тынықтырды, осы сәтті пайдалана өзі де демалды. Оны енді орманнан тек бір күндік жол бөлді деуге болады.

Күн тас төбеден ауып, сағат түскі екілер шамасы еді, айналада еш өзгеріс жоқ – жазық дала және алып орманның жақындағаны болмаса. Аспан ашық, бірде-бір бұлт жоқ, бір сағат созылған демалыстан кейін ол қайта жолды жалғастырды.

– Аз қалды, тұлпарым, аз қалды, шыда, досым! – деп Батыра жылқының мойнынан сипап, барынша жылдамдықты бірқалыпты ұстауға тырысты.

Осылай ол тағы бес сағат тоқтаусыз жол жүрді. Күн ұясына беттей, айнала қараңғылата бастады. Батыра ұзақ жолдан шаршап, денесінің ауырсынғаны сонша, ол өзін құдды он шақты адамның тепкісінде қалғандай сезінді, қарны ашып, ойланудың өзі оны шаршатты.

Күн бата айнала салқындап, шегірткелердің шырылы естілді. Жылқы қатты шаршағаннан жатып қалды. Батыра артынан ілескен қауіпті ойлап, қанша шаршаса да ұйықтай алған жоқ.

– Олардың келе жатқаны анық, мені қолға түсірмей, олар тынышталмас, мені мұнда отырған әр сәтім олар үшін үлкен мүмкіндік, сондықтан жолды жалғастыруым керек, не болса да берілмеу керек, – деп мұрнының астынан сөйлей, орнынан қинала тұра, қайта жолды жалғастыруға жиналды, сәбиді оятып алмас үшін ол барынша абайлап кеудесіне байлады, сәби бірнеше рет селк етіп, көзін жартылай ашты да, қайта жұмды. Ол заттарын алып, жылқының жанына барды: – Шө-шө, жануар, кәне орныңнан тұр, – деп оны ноқтасынан тартты, алайда шаршаған жануардың орнынан тұрғысы жоқ, әрең денесін көтеріп, аяқтарына тұрды.

Батыра заттарын қайта оның үстіне жайғарып, түнделетіп орманға жол тартты.

Дат Батыраның түнделетіп болсын жолды жалғастыратынын сезгендей, жылқыларын суарып кішкене тынықтырып алған соң, жолды жалғастырды, жолда тек бірнеше қысқа аялдамалар жасады. Олар оның ізінен тоқтаусыз ілесіп, енді міне, Дат пен сарбаздарын Батырадан небәрі жеті шақырым ғана бөлді.

Батыра орманға таяу қалды, енді алып ағаш пен оның айналасындағы орман да көзге көріне бастады. Алайда барған сайын мінген жылқысының басы салбырып, шатқалақтай бастады, сосын кішкене жүргеннен кейін ол мүлде тоқтады, Батыра оның құлайтынын түсінді ме, бірден үстінен секіріп түсті, осы сәтте ол аңдаусызда суға толы торсығын түсіріп алды.

Батыра жылқыдан түсе, шаршаған жануар артынша жерге сұлаип құлады, баланы одан ары қойып, жылқының ноқтасынан ұстап ары-бері жұлқып, оны тұрғызбаққа тырысты. Батыра оның тұрмайтынын білді, бірақ не үшін тырысып жатқанын өзі де түсінген жоқ, ол екі күн аштықтан ойын жинақтап, дұрыс ойлана да алмады.

Пайдасыз іс екенін түсінгеннен кейін, атты тастай, үстіндегі қапшықтарды алып иығына асына, баланы қайта кеудесіне байлап, орманға қарай асықты. Артына қайта-қайта қарады – ешкім байқалған жоқ. Бірақ көп ұзамай, оның тастап кеткен – әлі құрыған жылқысымен қоса аңдаусызда түсіріп алған торсығын Дат тауып алды.

– Біз оған жетіп қалдық. Тым аз қалды! Сақ болыңдар! Ештеңені көзден жіберуші болмаңдар, тіпті оның бір тал шашы түсіп қалса да көзден таса етуші болмаңдар, – деді ол.

***

– Олардан біраз алыстап кеткен сияқтымыз, – деп Батыра сәбиге сөйледі, – енді орманға жетсек болғаны – аз қалды, тағы бірер сағатта жетіп қаламыз. Бірақ ол қателесті – қуғыншылар бірнеше шақырым жерде келе жатқан еді. Алайда олардың да жылқылары шаршаған соң, жүрістері бәсеңдей түсті. Күн көкжиектен асып, жоғары қарай беттей, айнала жарыққа бөленді.

Жарты сағаттай жаяу жүре Батыра үлкен дөңге кезікті, ал оның бергі жағында сылдырлап кішігірім өзен ақты, ол өзенді көре сала, оған жүгіріп, баланы шетке жатқыза, таза әрі салқын суға беті-қолын жуды, сосын екі алақанын суға толтыра ішті, Батыра өзін бір жеңілдеп қалғандай сезінгенімен, бойындағы әлсіздігі кеткен жоқ.

Дөңнің бетін толықтай жасыл шөп басты, шамасы қалмаған Батыра шөптен тартып, дөңнің төбесіне қарай көтерілді; оның төбесіне жету Батыраға өте қиынға соқты – тыпырши ентіге, жүрегі кеудесінен сыртқа шығып кететіндей соғып, ол жағары өрмеледі. Оның бойын әлсіздік қаулап, басы айналып, тіпті көзі қарауытты, ал үстіндегі қоржындар оған өрмелеуге қиындық туғызды.

Ол орасан күш сала, ырсылдай дөңнің төбесіне де жетті. Оның арғы жағында қалың ну орманға керемет көрініс ашылғандай, алайда бұл көкжиекке қарай созылған орман Батыра үшін үлкен қауіпті жасырып тұрғандай болып көрінді. Орманның бірнеше жерінен алып ағаштар өсіп, олардың қалың бұтақтары жан-жаққа – бірнеше шақырымға созылды, олардың биіктігі соншалықты аспанда бұлттармен таласты, ағаштардың алып бұтақтарынан төмен қарай ұзын шырмауықтар салбырады. Алыстан қарасаң, осы орасан үлкен ағаштар құдды аспанда қалқыған ормандарға ұқсады.

Батыра соңынан келе жатқан қуғыншылардың жоқ екеніне көз жеткізу үшін бұрылып артына қарады. Басында оның жанары алысты бұлыңғыр етіп көрді, сосын кішкене мұқияттық тантықаннан кейін, бірнеше шақырым ғана жерде оған көптеген қара нүктелер байқалды: олар сөзсіз Датпен оның сарбаздары.

Батыра Батыс орманға қайта бұрылды да, орманға көз тастады, жүздеген, тіпті мыңдаған шақырымға созылған ағаштар, басқа ештеңе жоқ, бұл ағаштардың арасында не жатқанын және не жасырынғанын Құдай білсін, осы сәтте оған Ерұланның айтқан алып адамы есіне түсті, осы сәтте ол Ерұланның сандырағы деп есептеген тіршілік иесі – енді оған шынайы болып көрінді, денесі түршіге, өз қалауынан тыс, ол жылдам дөңнен төмен қарай атыла, көк шөптің үстімен сырғанай түсті, ал Дат алыстан оның бұл әрекетін байқай:

– Жылдамдатыңдар! – деп айқай сала шапты.

– Батыра орманға қарай жанұшыра жүгірді, бірақ қанша жылдам жүгіруге тырысқанымен, аяқтары оған бағынар емес, кеудесі арқасына жабысып, тыныс алудың өзі өте ауыр болды. Кішкене жүгіргеннен кейін ол тоқтады, оның көздері қарауытып, есінен танып қалатындай болып көрінді. Алайда бойындағы үрей оны бір орында ұзақ қалдырған жоқ, ол барынша жылдам орманға беттеді. Кезінде Батыра қауіпті деген жер, енді оның қауіпсіздігіне кепілдік бергендей. Ырсылдай жүгіріп, ол көп ұзамай орманға да жетті. Күн көкжиектен асып кеткен сәт. Бір-бірінен алшақтау орналасқан алып ағаштардың көлеңкесі батысқа созылды, орман іші көлеңкелі, оның басқа ормандардан еш айырмашылығы жоқ, тек ондағы ағаштар әлдеқайда үлкен. Ал ішін қалың шөп басқан.

Ораман ішінен әртүрлі құстардың үні мен жапырақтардың сықыры ғана естілді. Батыра баланы жақсылып асынып, қылышын қынабынан суыра, екі қолдап қысып ұстады. Орманға жақыннан қараған кезде, ағаштар өзінде бір зұлымдықты жасырғандай болып көрінді.

– Балақай, бізге тағдыр басқа таңдау қалдырмаған сияқты, – деп, – ух, – деді де, алдыға ақырын жүре бастады, аяқтарының астындағы шөп орманға кірген сайын қалыңдай түсті, – енді біз солтүстік-батысқа жүруіміз қажет, – деп мұрнының астынан сөйлеп, басын бұра иығының үстінен артына қарады, артында ешкім көрінер емес, Дат пен сарбаздары байқалған жоқ. Батыра айналасында естілген әрбір дыбысқа жалт қарап, сол жерден оған жабайы жануар атып шығатындай күйде болды.

Бұл уақытта Дат пен сарбаздары да дөңге жетті, бірақ шамасы қалмаған жылқылар, оның төбесіне дейін жете алмады. Атын тастай сала Дат дөң төбесіне тырмыса атылды. Ол Батыраның шөптерді жұла өрмелеген іздерін кезіктірді. Ақыры төбеге шыға, Батыраның қалай төмен сырғанай түскен ізі айқын көрінді. Ол Батыраның орманға кіргенін түсінген соң, өзін жеңілгендей сезінді, бірақ Дат оңайлықпен берілгісі жоқ.

– Оның орманға кіруі екі талай, ол орманға кірген жоқ! Осы маңайда жасырынып отыр, – деп дөң маңайына көз тастады, – айналаны жақсылап қарап шығыңдар, ол осында, ол тышқан сияқты бір жерде тығылып отыр… – деп кішкене кідіріп, – кім болсаң да шық, мен бәрібір сені тауып аламын, саған тірі қалуға мүмкіндік беремін, ал егер мен сені өзім тапсам, сені ең азапты өлім күтіп тұр! – деді ол айқайлай, алайда оның бұл айқайынан ештеңе шыққан жоқ, ол құдды есінен ауысқан адам сияқты орманға тесіле қарай, күтті.

Сарбаздар жарты сағат ішінде орманға дейінгі аймақты толықтай аралып, Батыраның ізін бағып, оның нақты орманға кіргеніне көздері жетіп, бұл жайлы Датқа хабарлады. Оның бұл жаңалықтан ашуланғаны сонша, беті мұрнының ұшына дейін қызарды.

– Қарғыс атқыр! – деп қолындағы шөпті жерге лақтыра айқайлады. Ол ары қарай не істерін білмеді, ары-бері дөң үстінде жүріп ойланды.

– Қолбасшы бұйрығыңыз не болмақ? – деді сарбаз.

– 

Жылқылардың барлығын суардыңдар ма? – деді ол.

– Иә.

– Онда қазір жолға шығамыз, біз орманға кіреміз, артқа қарай жол жоқ, баланы жіберіп алсақ, аяушылық күтудің қажеті жоқ, – деді ол орманға бұрыла, – қарғыс атқыр, бұл бала үшін онсыз да қанша сарбазымнан айырылдым, енді мына орманда бізді не күтіп тұрғанын ешкім білмейді, – деп ол атына жайғасып, сарбаздарын ертті де, дөңнен түсіп, орманға бет алды.

ТӨРТІНШІ БӨЛІМ. ТАБУРАТ

Батыра орман ішіне тереңдей кіре берді, айналасында тек құстардың үнінен басқа ештеңе естілген жоқ, ешқандай жабайы жануар көрінер емес, енді орман оған қауіпсіз әрі тыныш орын болып көрінді, қылышын бір қолдап ұстап, бұрынғыдай әрбір шыққан дыбысқа жалт қарап, мән де берген жоқ, тек жылдам алдыға қарай жүре берді. Орман іші көлеңкелі болды, бірақ толықтай қараңғы емес, ағаштар бір-бірінен алшақтау орналасқандықтан, күн сәулесі бұтақ арасынан оңай өтті.

– Мұнда мен аулай алатын жануар бар ма екен? – деп мұрнының астынан сөйледі, – ең болмағанда жейтін жеміс тапсақ игі болар еді, бірақ саған қайдан сүт тапсам болады, балақай? – деді ол балаға қарап, сәби тыныш ұйқыда жатты, құдды оны жаңа ғана емізгендей – ол қарны аш балаға ұқсамайды, ал керісінше Батыраның асқазаны әртүрлі дыбыстарды шығарды.

Ол жан-жағына қарап, кішігірім жануар немесе жидек іздеді, ақыры ол үлкен ағаштың жанында өскен бүлдіргенді тапты, ол жылдам оған жақындап, бала мен заттарды бір шетке қоя, бүлдіргендерді бірінен кейін бірін үзіп қомағайлана аузына тықты. Батыраның қарны тоймаса да, әлсірегені басылған соң, баланы қолына алды да, тынығу үшін ағаштың түбіне жайғасты.

– Олар біздің соңымыздан еріп, орманға кіреді деп ойлайсың ба? А, қалай ойласың? – деп ол балаға сөйледі, сосын оған үнсіз қарап отырып, көзінің ілініп, ұйқыға кеткенін байқамады.

Бір сағат өте орман ішінде шауып жүрген жануарлардың дыбысы естілді, Батыра көзін бір ашып, қайта жұмды, сосын селк етіп дыбыстан шошып оянды, қылышына жармасып атып тұра, ол айналасына көз тастады.

– Олар орманға кірген бе? – деп дауыстап сөйледі. Батыра орнынан тапжылмай, дыбысқа асқан мұқияттықпен қарады, сол сәтте тобырымен шапқан жануарлардың бірі оған бет бұрды, кішкенеден кейін бұқаның өкіргеніндей қатты дауыс орманда жаңғырды, құдды біреу оның жанына бататын бірдеңе істегендей.

Батыра артқа қарай бірнеше қадам шегініп, дыбыс шыққан жерге көз қақпастан қарады, ал енді әлгі жануар Батыраға қарай беттеді, шабысы мен жердің дірілі, бұтақтардың сақырлап сынғанынан оның алып жануар екенін аңғару қиынға соққан жоқ, тіпті Батыраға жануардың қалай жақындап келе жақаны сезілді.

Ол не істерін білмей, жан-жағына алақтай, ағаш үстіне өрмелейін десе, баламен бірге оған ыңғайсыз болды, сосын баланы жанындағы ағаштың түбіне жатқызғаны сол, оның алдынан үлкен қара жануар атып шықты, баланы жатқыза салып, қылышын екі қолдай ұстап әлгі жануарға бағыттады, алайда аң Батыраның алдына келіп жерге сұлайып түсті.

Әлгі жануар мүйізі бұғының мүйізіне ұқсас алып бұқа еді, бір көргеннен оны бұқа деп айту қиын, себебі оның жүндері бұқанікіне қарағанда әлдеқайда ұзын. Оның үлкендігі сонша, егер қарапайым бұқа әлгінің жанында тұратын болса, онда ол бұзау сияқты көрінер еді. Батыра не болғанын түсінбей орнында қатты. Ақырын бұқаға қарай жақындап, оны айнала қарап шықты. Батыра жануардың қатты жарақат алғанын байқады, алып бұқаның желке тұсынан жауырынына дейін созылған жарақаты болды, алайда бұқа әлі тірі еді, оның ырсылдап тыныс алғаны Батыраға естілді, айнала оның қанымен былғана бастады. Оның жарақатын көре:

– Мынау, қарумен жасалғанына менің күмәнім жоқ… – деп әлгіні сипады, – бірақ біздің қаруымыз сендерді бұлай жарақаттауы екіталай, мұндайды жасаған кім? – дегені сол еді, әлгі бұқа шыққан жерден адам бойынан екі есе үлкен, үстін өте жұқа сарғылт түсті түк басқан, жағының астын қалың домалақ сүйек бойлаған, ал иегінде кішкентай екі мүйізі бар, адамға ұқсас тіршілік иесі атып шықты, ол тура Ерұлан айтқандай – адамға ұқсас, бірақ өте үлкен. Оның етті әрі шымыр денесінде ешқандай киім болған жоқ, ал бұтына, қоңыр түсті матадан тігілген шалбар, аяғындағы аяқ киімі теріден жасалған, қолында үлкен жүзі кедір-бұдыр қылышынан қан төмен тамшылай ақты. Дәу мен Батыра бір сәт бір-біріне қарады. Дәл осы сәт Батыраның өміріндегі ең ұзақ сәттей көрінді. Өне бойынан тарақан жүріп өткендей: «Біткен жерім осы шығар» деп жұтынып, іштей сөйледі. Әлгі дәу бірден семсерін көтеріп Батыраға атыла жөнелді. Батыра бір шетке өзін лақтырды, дәу Батыраның жанынан семсерін сермей өтті. Батыра жылдам қылышын екі қолдай қысып дәуге бет бұрды, сол сәтте дәу оның оң жақ тұсынан соққы жасады, Батыра еңкейе қылышты өткізді де, дәудің сол аяғын тіліп өтті. Оның бұл іс-әрекеті пайдаға асқан жоқ, керісінше әлгі дәу қатты ызалана семсерімен Батыраны қуалай түсті.

Батыра ары-бері қашқаннан басқа ештеңеге шамасы келмеді, бірнеше рет дәудің аяғын көздеп соққы жасады, бірақ онысынан түк шыққан жоқ. Батыра оның қимылының бәсеңдегенін пайдаланып, оның оң жақ сан тұсына семсерін жартысына дейін сұғып алды. Алған жарақатынан дәу жанұшыра айқайлады, оның дауысы адамдікіне ұқсас, бірақ әлдеқайда қатты. Айқайдың қатты болғандығы соншалықты, оның дауысы орман ішіне кірген Дат пен оның сарбаздарының құлағынан мүлт кеткен жоқ. Дауысты ести сала олар сап тоқтады, барлығы назарын дауыс шыққан бағытқа аударды.

– Біздің қашқын бір қиындыққа тап болған сияқты, – деді Дат, – кәне жігіттер, мына дауысқа қарай барайық, – деп ат басын сонда бұрды.

Дәудің аяғына қылышын сұққан соң, Батыра семсерін ұстаған күйі дәуге көз алмай қарап, ары қарай не істерін білмей тұрып қалды. Оның сасқалақтағанын пайдаланған дәу семсерінің бір серпімімен Батыраның оң қолын білегінен шауып түсірді. Батыра айқайлай, қолын ұстап, жерге отырды. Дәу аяғындағы семсерді суырмай, бірден Батыраға атылды, алып қылышын аспанға көтере, соққы жасамақ болғаны сол, олардың айқайлаған дауыстарынан бала оянып, шырылдап жылады. Дәу баланың дауысын ести сала орнында тоқтап, иығының төбесінен ағаш түбінде жылаған балаға қарады, сосын қылышын ақырын түсіріп, ол бұрыла кішкене кірдіріп, сәбидің жылағанына құлақ түре оған беттеді. Бала жыбырлап, ораулы тұрған матасын шешіп, шөп арасында жатты, оның арқасындағы таңбасы дәуге анық көрінді. «Ыңғайлы сәт осы шығар» деп Батыра Ерұланның пышағын қолына алып дәуге атылды…

– Мына баланы қайдан алдың? – деген дәудің сұрағын ести, ол тоқтап, пышақты жерге тастады да, шабылған қолын ұстай жерге отырды. Дәу Батыраға бұрылып, өзінің сұрағын қайта қойды. – Баланы қайдан алдың деймін? – деп дауысын көтере сөйледі. Батыра не дерін білмей, отырған орнынан еш қозғалған жоқ, тіпті ауырсынған қолын да ұмытып кетті, құдды аузына құм құйып алғандай. – Ей, сен саңыраусың ба? – деді дәу.

–  Се… сен кімсің? – деп дәудің сұрағына Батыра сұрақпен жауап қатты.

– Менің есімім Құлан, не болды табуратты бірінші рет көріп тұрсың ба? – деп жымия сөйледі. – Мұнда сен неліктен адасып жүрсің? – деді ол. Батыра әлі есін дұрыс жиған жоқ, ол Құланның сұрағына жауап қайтармады, тек оған тесіле қарады. – Тіліңді жұтып қойдың ба? – деді де, – мұнда не үшін жүрсің? – деп қайта сұрады сары қастарын тыржита.

– Баланы алып қашып барамын, – деді ол, оның дауысы дірілдей шықты.

– Қайда? – деп кішкене кідіріп, – ал сен өзі баланың кім екенін білесің бе?

– Жоқ, ал сен білесің бе?

– Жүсінікті, яғни сен олардың бірі емессің, мен сені олардың бірі ме деп ойласам, – деп оның жарақатына қарады, – бірінші рұқсат етсең жарақатыңа көмектесейін, сосын мен саған барлығын айтып беремін, – деп аяғындағы қылышты, бір қолымен суырып, оны Батыраның жанына лақтырды.

Құлан белбауында ілінген бірнеше торсықтардың бірін алып, оны Батыраға лақтырды.

– Міне мынаны ал да, жарақатыңа жақ, қолыңды кесіп тастағаным үшін кешірім сұраймын, бірақ мен сені ханның адамы ма деп ойладым, – деді ол баланы әлдейлей.

Батыраның көңілі орнына түскендей, бірақ ол дәуден көзін бір сәтке де алған жоқ, оның лақтырған, торсығын ала:

– Бұл не? – деп сұрады.

– Оның не екенін қайтесің, ал да, жарақатыңа жақ!

– Мүмкін бұл у шығар.

– Егер мен сені өлтіргім келсе, оны мен бағана істеген болар едім, көп сөзді қой да, торсықтың ішіндегі майды алып жақ.

Батыра одан көзін еш алған жоқ, торсықты бір қолымен ашу оған ыңғайсыз болды, қайта-қайта шабылған қолымен оны ұстауға тырысты, сосын торсықты аяғының арасына қысып ашқан кезде, оның ішінен керемет гүлдің иісі шықты, ал ішінде жасыл түсті жақпамай болды. Батыра саусағының ұшымен ғана алып еді:

– Көбірек ал, – деді Құлан. Батыра торсықтан көбірек алып қолына жақты, жаққан сәтте оның қолының ауырсынғаны қойып, рахат сезімге бөленді.

– Ал енді тездетіп шабылған қолыңды ал да, орнына қайта қой. Батыра оның айтқанына түсінбей, оған біртүрлі көз тастады, оның жүзінде «есің дұрыс па?» деп айтқысы келгендей. – Қолыңды ал да, орнына қой, болсаңшы, аяғым ауырып барады, – деді Құлан.

Батыра жерден шабылған қолын іздеп тауып, оны орнына қойған сәтте, қолы орнына қайта бітеліп, еш нәрсе болмағандай жазылып кетті. Болған жайтқа сене алмай, қолын жұмып-ашты.

– Табураттарға қарағанда, адамдарға тезірек әсер етеді екен, – деді де, – майды маған бергеннен кейін қолыңа қанша қараймын десең де өзің білесің, – деп ол баланы бір қолымен ұстап, екіншісін Батыраға созды.

– Бұл не? – деп Батыра торсықты қайта Құланға берді.

– Құйғыл – бұл үлкен емдік қасиетке ие, – деп Батыраға жақындай, Батыра артқа шегінді

– Қорықпа, мен саған ештеңе істемеймін, – деп баланы оған қайта ұсынды.

– Әрине, жаңа ғана басымды шауып алуға бірнеше рет талпынбағаныңды есептемегенде, – деп баланы қолына алды.

Құлан торсықтан майды алып, жарақатына жақты, оның да жарақаты әп-сәтте бітелді.

– Ал енді, әңгімені ары қарай жалғастыруға болады, – деп Құлан торсығын белбауына ілді. – Сонымен сен баланы кімнен алып қашып бара жатқаның маған белгілі, бірақ неге сен Батыс орманға келдің? Маған сол қызық болып тұр, мұнда қауіпті екенін біле тұра, – деді ол Батыраға мұқият қарай.

– Менде басқа таңдау болған жоқ, себебі бізді жан-жақтан сарбаздар қоршады, ал жазық даланың кез келген жерінде мені қолға түсіру оңай, сондықтан орманға қашқаннан басқа амал қалған жоқ. Айтпақшы, менің соңымнан, орманға қарай мыңға жуық атты сарбаз келе жатыр, оларды ұмытпаған жөн, ал сен баланы кімнен алып қашып бара жатқанымды қайдан білесің? – деді Батыра Құланға күдікті көзқарасын тастай.

– Мұндай балалар тек ханға керек, себебі ханды тоқтата алатын, оның ажалсыз сарбаздарына қарсы шыға алатын тек осы балалар.

– Ажалсыз сарбаздар? Оны не үшін тоқтату қажет және баланың арқасындағы таңба нені білдіреді?

– Мен саған барлығын жол-жөнекей айтып беремін, егер сен менімен жүремін десең, сен қайда беттеп барасың?

– Жент қаласына.

– Жент қаласына, – деп ол қайталады, – онда саған жету үшін кем дегенде екі күн уақыт кетеді, ал сен сол екі күнді мына орманның ішінде аман-есен өткізе аламын деп ойлайсың ба? – деді ол бір көзін сығырайта.

– Жолым болса – иә, – деп жауап қатты Батыра.

– Сенің жолың болатыныңа менің күмәнім бар, қазір саған орман тыныш және қауіпсіз көрініп тұрған болар, бірақ түнде орман ішінде тіпті бізге тірі қалу оңайға соқпайды, сол үшін сен менің қонысыма жүр, ол жер қауіпсіз және балаға да сүт табылады, сен Бұлақтыдан мұнда кем дегенде бір жарым күнде келдің, солай ма? Ал балаға сенде беретін ештеңе жоқ. Батыра ойлана:

– Сенің айтқаның дұрыс, баланың тамақтанбағанына бір жарым күннен асып кетті, бірақ неге ол соншалықты шыдамдылық танытып, көп жылап та жатқан жоқ?

– Айттым ғой, ол ерекше, мұндай балалар өте төзімді келеді, сен балаға бір ай тамақ бермесең де олар ештеңе болмағандай жүре береді, тіпті өседі, – деді ол. Арада кішкене тыныштық орнады.

– Сонымен, не шештің? – деді оған Құлан.

– Мен сенімен бірге баратын сияқтымын.

– Мынаны бір жақты етіп алайын, сосын жолға шығамыз, – деп жануарға қарады.

– Олар орманға кірмеген шығар деген үміттемін, – деді Батыра жердегі заттарын ала.

– Сен баланың артынан түскендерді айтып тұрсың ба? – деді Құлан басын көтере.

– Иә.

– Олардың орманға кіргеніне менің шүбәм жоқ, егер баланы жіберіп алса, оларды бәрібір өлім күтіп тұр, – деді де, ұзын арқанды иығына асып, – ал кеттік пе? – деп Құлан бұқаны сүйрей орманның батысына беттеді, ол бұқаны сүйреген сайын артынан қан шөпке жағылып айқын ізі қалды.

– Тоқта!

– Не болды?

– Қазір олар біздің артымыздан келсе не істейміз?

– Ол жағынан қам жеме, менің орманымда саған ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

– Бұқадан аққан қан, оларға нақты жол көрсетеді деп ойламайсың ба?

– Олар бізді бәрібір тауып алады, мына сәби орманға кірді, сондықтан оларды тоқтатудың бір-ақ жолы – ол шайқас, егер мына келе жатқан сарбаздар мерт болатын болса, – деп Құлан саусағымен Батыра келген жақты нұсқады, – онда олар тағы да сарбаз жібереді, біз мұнда із тастасақ та, тастамасақ та айырмашылығы жоқ. Ханға баланы қолға түсіру керек, керек десең олар орманды астан-кестең ете алады, сондықтан қорықпай менімен жүр және бұл менің бір айлам, – деді, оның жүзінде ешқандай қорқыныш болған жоқ, бұқаны сүйрей орманның батысына – алып ағашқа беттеді.

– Сонымен, сен кімсің? – деді Батыра.

– Атымды білесің, ал менің нәсілім – табурат.

– Сендер жайлы мен мүлде білмеймін.

– Әрине, білмейсің, себебі сендердің хандарың осы жолда үлкен еңбек атқарды, ол мың жыл бұрын біздің мемлекетті толықтай басып алды, тек біздікін ғана емес… – деп Батыраға қарап кішкене кідірді, – содан бері біз осы орманда тығылып өмір сүреміз. Ол адамдардың біз жайлы білгенін қаламайды, тарихта біз туралы барлық жазбалардың көзін құртып, адамдардың санасын өзгертіп, тарихты өз ыңғайына қарай өзгертіп алған.

– Оның бәрін не үшін істеген және оған бала не үшін керек?

– Ал енді саған бәрін айтып берейін, – деді де, иығындағы арқанды ыңғайлады. – Саған бұл ерсі естілуі мүмкін, дегенмен ежелгі аңызда осылай айтылған. Бұл оқиғаның қанша уақыт бұрын болғанын ешкім білмейді, тіпті жылмен санауға да келмейді.

Алғашында біздің жер жай ғана тіршілігі жоқ мекен болған, сосын жер ғарышта алып таспен соғысып, олар бірігеді, соның нәтижесінде қазіргі біздің ғаламшар пайда болды, жерге соқтығысқан әлгі тастан су бөлініп, сол су жерге алғашқы тіршілікті сыйлайды. Оны Өмір бұлағы деп атайды.

Өмір бұлағы жердің терең түбінен шығып, одан бөлінген судың әрбір тамшысы осы әлемге тарап, оны тіршілікпен нәрлендіреді, осылайша алғашқы тіршілік қалыптасты.

Жерде тіршілік пайда болғаннан кейін, ұзақ уақыт өте жер бетінде адамдар, мардалар және табураттар пайда болды.

– Мардалар… – деп Батыра Құланды бөліп жіберді, «онда бұл Бабадүрдің кітабында жазылған дүниенің бәрі рас деген сөз» деп ол іштей ойлады.

– Иә, мардалар, егер сұрағың болса соңынан қоясың, қазір маған кедергі жасама, – деп екеуі ағаштардың арасымен кете берді. Батыра қоржынындағы мардалықтың бас сүйегін оған көрсеткісі келді, бірақ Құланның айтқан сөзінен кейін күте тұруды шешті. Кішкене кідіргеннен кейін, Құлан ары қарай өзінің әңгімесін жалғастырды:

– Мыңдаған жылдар бойы олардың ешқайсысы өмір бұлағы жайлы білген емес, білмей-ақ қойса да дұрыс болушы еді. Бірақ ешқандай құпия мәңгі жасырылмайды.

Бір күні аспаннан жерге белгісіз тіршілік иесі құлаған. Әлгі адамға ұқсас белгісіз тіршілік иесі, ғарыштан жаралы күйде жерге келген, оны алғаш адамдар тауып алады, оның жарақаты ауыр болғандықтан, адамдар оны емдей алмайды, сосын өзгеғаламшарлық адамардан оны бір жерге алып баруын сұрайды, ал адамдар оның айтқанын істейді. Сөйтіп адамдар әлгі тіршілік иесін, оның айтуы бойынша, Батыс орман сияқты орманға алып барады, сол жерде адамдар алғаш өмір бұлағын көрді, өзгеғаламшарлық бұлақтың суын іше, сап-сау күйіне қайта келген, мұны адамдар көріп, олар да ішкісі келеді, бірақ өзгеғаламшарлық адамдарға бұлақ суын ішуге болмайтынын айтады, егер ішетін болса, онда бұл әлемнің өлуіне әкеліп соқтырады деген. Ал адамдар одан бұлақтан не үшін су ішкенін сұраған кезде, ол: «Бұл ғаламда сендерден басқа да мыңдаған әлем бар, мен соларды зұлымдықтан қорғауға тиістімін, мен қазір не болмасын өлмеуім керек», – деп жауап қайтарған.

Өзгеғаламшарлық адамдардың сөзсіз бұлақ суын пайдаланатынын түсініп, оларды өлтірмекке оқталады, алайда ол адамдардың жақсылығына жамандықпен жауап қайтарғысы келмейді. Әлі зұлымдықтың не екенін білмеген жандарға оны көрсеткісі келмегендіктен, адамдардың арасынан алты сәбиді таңдап, оларға ерекше күш сыйлап, бұлақтың сақшысы етеді, осылайша алғашқы Сармандар өмірге келеді. Мына сәби – Сарман, – деп Құлан баланы нұсқады.

Өзге ғаламшарлық жерден кетердің алдында адамдар мен мардалардың және табураттардың басшыларының басын қосып, олардың күш біріктіруі керек екендігін айтқан, себебі біздің әлемді құртатын қара күш біздің әлемде жасырынғанын айтады және ешқашан, қандай жағдай болмасын бұлақты өз мақсаттарына пайдаланбауды тапсырған.

Сармандар бұлақты мыңдаған жылдар бойы қорғап келді және олар әрбір үш жүз жыл сайын қайта туылып отырады, олар осы әлемдегі ең күшті жауынгерлер тобы болған, ғасырлар бойы өздеріне артылған тапсырманы бұлжытпай орындаған, тек сендердің хандарың – Тарын билікке келмейінше… Тарын билікке келгеннен кейін барлығы өзгерді, ол өмір бұлағы мен оның қасиеті жайлы естігеннен кейін, оған қол жеткізгісі келеді, ол өлімнен қорыққандығы соншалықты, өлмес үшін қолынан келген барлық іс-әрекетті жасады. Алайда онысыннан түк шықпаған соң, ол өмір бұлағына көз тікті, бірақ оның жолында Сармандар тұрды, ол Сармандарға бірнеше рет қарсы шығып, олардан бұлақты тартып алмақ болады, дегенмен оның бұл іс-әрекеті сәтсіздікпен аяқталды. Сармандар оған өмір бар жерде – өлім бар, сондықтан осы шындықты қабылдау керектігін айтып, оны босатады.

Бірақ олардың бұл айтқаны оның санасына жетпеген сияқты, ол ұзақ уақыт ізденіп, ақыр соңында Сармандарды – әлемдегі ең күшті жауынгерлердің қалай көзін құрту керектігін түсінеді және ол өз дегеніне жетіп, олардың бәрін қырып салады, алайда ешкім Тарынның Сармандарды қалай және қайтіп көзін құртқандығын білмейді, ешкімнің хабары жоқ. Осылайша ол өмір бұлағын басып алады…

Артынша табураттар мен мардалар және де басқа да нәсілдер біргіп өмір бұлағын азат ету үшін Тарын ханға қарсы шыққан кезде, тым кеш болады, себебі оның сиқыршылары қара сиқырды пайдаланып, өмір бұлағының суынан ажалсыз сарбаздарды жасап шығарады.

– Неге ажалсыз?

– Себебі оларды өлтіру мүмкін емес, олар жарақаттанса жарақаттары әп-сәтте жазылады, тіпті басын шапсаң да оларды тоқтата алмайсың. Осы жайт бүкіл әлемді біріктірді, дегенмен бүкіл әлемнің біріккен әскері ажалсыздардың алдында дәрменсіз күйге түсті. Олардың шамасы Тарынды тоқтатуға жетпеді, Ұлы ұрыста біз жеңіліс таптық.

Скачать книгу